Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қаралып жатқанын хабарлайды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Заң жобасы шеңберінде «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына түзетулер көзделген.
Түзетулердің негізгі міндеті – соттан тыс/сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерінің тиімділігін арттыру. Осыған байланысты, түзетулердің аздығына қарамастан, олар көрсетілген рәсімдердің барлық кезеңдерін: рәсімдерді қолдану туралы өтініш беру, рәсімдерді жүргізу және рәсімдер аяқталғаннан кейінгі құқықтық қатынастарды қамтиды.
Осылайша, көрсетілген рәсімдерді қолдану туралы өтініш берген кезде 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған банктік қарыз шартына және микрокредит беру туралы шартқа борышты реттеу туралы талапты таратпау ұсынылады.
Соттан тыс банкроттық рәсімін жүргізу барысында борышкерге себебін көрсетпей, оны өз қалауы бойынша оны тоқтату құқығы беріледі, қолданыстағы редакцияда мұндай құқық жоқ. Өз кезегінде, оларға қатысты рәсімді уәкілетті орган тоқтатқан тұлғалар соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішпен алты айдан кейін қайта жүгіне алады.
Сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерін жүргізу кезіндегі қаржы басқарушысының өкілеттіктері нақтыланды.
Соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін кредиттік бюролар базасында көрсетілген немесе көрсетілмегеніне қарамастан банкроттың кредиторлар алдыңдағы барлық міндеттемелері тоқтатылуға жатады.
Аталған түзетулер ағымдағы жылы іске асырылады деп күтілуде.