«Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясы аясында Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мен «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Бақыт Алазов тыл ардагері Аққағаз Айтмағанбетқызына барып, құттықтады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Олар оған Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жанқиярлық еңбегі үшін ризашылық білдірді.
Кездесу барысында полковник Бақыт Алазов тыл ардагеріне естелік сыйлықтар табыстап, мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр және амандық тіледі. Шара барысында 6655 әскери бөлімінің әскери оркестрінің старшинасы, 3-сынып сержанты Кенжетай Серіков домбыраның сүйемелдеуімен соғыс жылдарындағы әндерді орындады.
Жылы жүздесу барысында Аққағаз Айтмағанбетқызы сұрапыл соғыс жылдарының ауыр кезеңдерін еске алды. Ол өз сөзінде басқа тыл ардагерлерімен бірге күндіз-түні Отан үшін аянбай еңбек еткенін айтты.
Біз ол кезде өзіміз туралы ойлаған жоқпыз. Ең бастысы – майданға көмектесіп, Жеңісті жақындату болды. Бар күшімізді салып жұмыс істедік, себебі соғыс тағдыры біздің де қолымызда екенін білдік Деп, көзіне жас алып естеліктерімен бөлісті
Полковник Бақыт Алазов тыл еңбеккерлерінің ерлігі – Отанға деген сүйіспеншіліктің және жанқиярлықтың үлгісі екенін атап өтті.
Аққағаз Айтмағанбетқызын құттықтау – біз үшін үлкен мәртебе. Қиын-қыстау кезеңде елімізді қорғауға зор үлес қосқан жандарға алғысымызды білдіру – біздің борышымыз Бақыт Алазов
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін «Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясы аясында құттықтауды жалғастырып, олардың баға жетпес тәжірибесі мен өмірлік сабақтарын өскелең ұрпаққа насихаттауды мақсат етіп келеді.