Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті «Автолюкс» инвестициялық пирамидасын құру және оны басқару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тіркеді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қаржылық пирамиданың әрекет еткен кезеңі бар-жоғы 3 айды, 2024 жылдың қыркүйегінен қарашасына дейінгі аралықты құрады. Осыған қарамастан, оның қызметі Павлодар, Алматы, Ақтөбе және басқа облыстарға таралған.
Күдікті интернет-дүкен платформасында жұмыс істей отырып, әр 10 күн сайын 5%-дан 15%-ға дейін сыйақы төлеумен тауарларды жалған түрде бөліп төлеу арқылы сатып алу үшін ақша салу жөнінде ұсыныс жасағаны анықталды.
Осыдан кейін салымшылар қолына тимеген тауар несиесін төлей берген, ал күдікті болса, ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып, оны қымбат ойын-сауыққа, соның ішінде шетелге (БАӘ, Тайланд және т.б.) сапарларға жұмсаған.
Нәтижесінде күдікті пирамидаға 100 миллион теңгеден астам қаражат салған 150-ден астам адамды тартқан.
Заңсыз жолмен табылған ақшаға күдікті Mercedes Benz және Toyota Camry маркалы екі автоөлік сатып алғаны анықталды, оларға соттың санкциясымен тыйым салынды.
Сот күдіктіге қатысты «үйқамақ» түрінде бұлтартпау шарасын таңдады. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат тергеу мүддесінде жариялауға жатпайды.
Естеріңізге салайық, 2024 жылы Агенттік салымшыларға 20 миллиард теңгеден астам залал келтірген 42 қаржылық пирамиданы жойды. 78 адам сотталды, 13 миллиард теңгеден астам залал өтелді, 287 миллион теңге көлеміндегі мүлік тәркіленді.
Агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты іске қосқанын естеріңізге саламыз.
Егер Сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасының әрекетіне тап болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінуіңізді сұраймыз.
Азаматтарды сақ болуға және күмәнді қаржылық ұйымдарға жинақтарын салмауға шақырамыз.