Маңғыстау өңірі бойынша экологиялық турлар итальяндық туроператордың каталогына еніп, Алматы мен Түркістан облысына саяхат бағыттарын толықтырды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан мен Италия арасында туризм саласындағы әріптестікті кеңейту және жаңа бағыттарды ілгерілету - Kazakh Tourism мен Итало-Қазақстан сауда қауымдастығы (ACIK) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумның негізгі арқауы.
Серіктестіктің маңызды аспектілерінің бірі – Қазақстанға ұйымдастырылған турларды қолдау. Оның ішінде итальяндық туроператордың каталогындағы Алматы қаласы мен Түркістан облысының қатарын толықтырған Маңғыстаудың экотуристік бағдарларына басымдық берілген.
Сонымен бірге италиялық Neos Air әуе компаниясы биылғы наурыз айынан Қазақстан мен Италия арасындағы рейстер санын аптасына үш ретке дейін арттыруды жоспарлап отыр. Олар заманауи Boeing 737 және Boeing 787 Dreamliner әуе кемелерімен орындалады.
Атап өткен жөн, Қазақстан итальяндық туристер үшін тартымды бағытқа айналуда. ҚР ҰҚК Шекара қызметінің мәліметінше, 2024 жылы елімізге Италиядан келген азаматтардың саны 32%-ға өсіп, 13 мың адамға жеткен. Оған визасыз режим мен тікелей әуе қатынасының дамуы оң әсерін тигізуде.
Италия – Қазақстан үшін басымдыққа ие туристік нарықтардың бірі. Қол қойылған меморандум қос ел үшін туризм бағытында ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне айналып, тұрақты және өзара тиімді туристік алмасудың негізін қалайды.