Тараз қаласының темір жол учаскесінде көп мақсатты бронды тартқыш пен әскери камазды пойыз платформасының басқышы арқылы тиеп-түсіру кезіндегі көтеру-түсіру механизмі сынақтан өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Оған Қарулы күштер Тыл бастығы басқармасы Әскери қатынастар бас басқармасының және «Қазақстан темір жолы» АҚ мамандары қатысты.
Жолдардың бұғатталуы, темір жолдарға қолжетімділіктің шектелуі, инфрақұрылымның бұзылуы, стационарлық крандар мен платформалардың болмауы ерекше кезең деп сипатталады.
Техниканы тиеу мен түсірудің жаңа тәсілдерін үйрену логистикалық операцияларды оңтайландыруға, әскери бөлімшелердің ұтқырлығы мен жеделдігін арттыруға бағытталған. Көтеру-түсіру тетіктерін іс жүзінде сынап көру олардың жүк көтергіштігін, сенімділігі мен жұмыс жылдамдығын тексеруге, қалпына келтірілген пойыздардың әскери техниканың заманауи үлгілерімен үйлесімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
– «Қазақстан темір жолы» АҚ қалпына келтірілген пойыз құрамынан арнайы платформаны сынақтан өткізу қорғаныс және көлік министрліктері бекіткен жол картасына сәйкес өтті, – деп түсіндірді ҚР Қарулы күштері Тыл бастығы басқармасы Әскери қатынастар бас басқармасы темір жол тасымалы басқармасының бастығы подполковник Қуаныш Қарабеков. – Сынақтар жедел логистика саласындағы біздің әлеуетімізді арттыруға және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған.
Тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен техниканы тиеу мен түсірудің әртүрлі сценарийлерін пысықтау сәтті өтті. Сынақтар Қарулы күштердің міндеттеріне қатысты көтергіш құрылғыларды пайдалануда теміржол инфрақұрылымының мүмкіндіктерін бағалауға мүмкіндік берді. Оның нәтижелері техникалық шешімдерді жетілдіру және көтеру-түсіру жүйелерін пайдалану стандарттарын әзірлеу үшін пайдаланылатын болады.