Отанымыздың тыныштығы мен қауіпсіздігі бәрінен қымбат

1815
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Бекайдар Қазкеевке өңірлік қолбасшылық жеке құрамына жүктелген жалпы міндеттер, сарбаздардың тыныс-тіршілігі туралы аз-кем сұрақ қойып тілдескен едік. Сол сұқбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

Құрметті генерал-майор мырза, ең алдымен еліміздің қорғаны болған Ұлттық ұлан әскеріне қарасты «Батыс» өңірлік қолбасшылығының тыныс-тіршілігімен таныстырып өтсеңіз. Жалпы өңірлік қолбасшылықтың әскери қызметшілеріне қандай міндет жүктелген?

– Иә, Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына жалпы саны алты әскери бөлім қарайды. Олар Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Орал және Жаңаөзен қалаларында орналасқан. Жалпы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының тарихы ел тәуелсіздігінің нығайуымен тығыз байланысты. Еліміз тәуелсіз ел болып, өз егемендігін жариялаған соң 1995 жылы 25 ақпанда Орал қаласында 5515 әскери бөлімінің батальоны негізінде қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында құрылған болатын. Кейіннен құрама болып кеңейтіліп оған ІІМ Ішкі әскерлерінің Ақтөбе, Ақтау, Атырау және Орал қалаларындағы әскери бөлімдері қосылды. 2014 жылы Қазақстан Республикасының ІІМ Ішкі әскерлері өз атауын өзгертіп, Ұлттық ұлан әскері болып қайта құрылған болатын. Осы тұстан бастап Ұлттық ұлан әскері өңірлік қолбасшылық жүйесіне көшіп, әскер алдына қойылған міндеттер де арта түсті. Жалпы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы қалалар мен облыс орталықтарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, аса маңызды стратегиялық нысандар мен түзету мекемелерін күзетеді, сотталғандарды айдауылдау, тасымалдау кезінде арнайы жүктерді күзету, Ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірлесіп қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысады. Сондай-ақ табиғи, техногенді апаттарды жоюға қатысады. Осы сөзіме мысал ретінде биылғы көктемде батыс аймақтарда болған су тасқынын айтуға болады. Осы табиғи апат кезінде Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерінен екі мыңнан астам әскери қызметшісі тәулік бойы екі ауысыммен тасқынның алдын-алу шараларына қатысып, өздерінің жауынгерлік қызметтерін күшейтілген түрде атқарып қарапайым халықты, олардың мүліктерін қауіпсіз аймаққа шығару жұмыстарымен айналысты. Ұландық әскери қызметшілердің тағы бір маңызды міндеттерінің бірі түзету мекемелерінің ішіндегі сотталғандардың іс-әрекетін бақылауды жүзеге асыру. Бетін әрмен қылсын, елде террористік іс-әрекеттер болған жағдайда да халықтың қорғаны болатын осы Ұлттық ұлан әскері.

– Бекайдар Маратұлы, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік іс-әрекеттегі жетістігіне тоқталсаңыз...

– Еліміздің айбынды әскері – Ұлттық ұланға қарасты «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы, бүгінде өздеріне қойылған міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Бұл сөзіме дәлел ретінде ұландық сарбаздардың жауынгерлік қызметтегі қырағылықтары мен ерліктерін айтып өтуге болады. Солардың бірі 2010 жылы Ақтау қаласындағы колониялардың бірінен қашпақ болған 21 қарулы тұтқындарға қасқайып қарсы тұрған батыр жауынгеріміз Ербол Отарбаев. Ол 2010 жылы 21 маусымнан 22 маусымға қараған түні Маңғыстау облысындағы түзету мекемесінен қашпақ болған сотталғандардың жолына тосқауыл болып, 21 қарулы жазасын өтеуші сотталғандарға қарсы тұра білді. Осы оқиға орын алған кезде батыр жауынгеріміз небәрі 19 жаста болатын. Қазіргі таңда батырымыз Ұлттық ұлан әскер қатарында өз қызметін жалғастыруда, офицер, әскери шені «майор»! Оның жасаған ерлігі өзінің артынан еріп келе жатқан інілеріне, Ұлттық ұлан сарбаздарына үлгі. Оның осындай көрсеткен ерлігі үшін еліміздің Тұңғыш Президентінің Жарлығымен III дәрежелі «Айбын» орденімен наградталып, «Алтыншы бекет» атты шынайы оқиғаға негізделген көркем фильм түсірілді. Айта берсек сарбаздарымыз бен сардарларымыздың жауынгерлік қызметтерін атқару барысындағы мақтан тұтарлық ерліктері көп-ақ. Өздеріңіз білесіздер осы жылдың көктем айларында еліміздің көптеген аудандары мен ауылдарын су шайып, табиғи апат орын алды. Сол кезде Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөлімінің жасақ бастығы ефрейтор Нұрбол Асқап Жайық өзені ағып өтетін саяжайлардың бірінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүріп, судың ағысына төтеп бере алмай келе жатқан алпыс жастағы қарт кісіні судан құтқарып алып шыққан болатын. Бұл сарбазымыздың да  табиғи апат кезіндегі батыл әрекеті ескерусіз қалған жоқ. Биылғы мамыр айында Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы, ел Президенті

Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жауынгеріміздің кеудесіне «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін тақты. Жалпы Ұлттық ұланның әскери қызметшілері кез келген сәтте қарапайым халықтың қасынан табылуға әзір. Біздің жауынгерлер құқықтық тәртіпті сақтап қана қоймай, адам өміріне араша түсіп жататын сәттер жиі болады. Ефрейтор Асқап Нұрболдың жауынгерлік қызметтегі іс-әрекеті  соның жарқын көрінісі.

Түсінікті, әскери өмірге жаңадан келген сарбаздар әскери дайындықтың қандай әдіс-тәсілдерін үйренеді?  

– Әскери бөлімге жаңадан келген сарбаздарды ең алдымен әскери бөлімнің күнделікті күн тәртібіне үйретеміз. Сарбаздар өздерінің күн тәртібі бойынша таңғы сағат 6:00-де тұрады, 50 минуттың көлемінде таңғы жаттығуларын жасап, жуынып, жатын орындарын жинап таңғы ас ішеді. Сағат тілі 9:00-ден бастап жауынгерлік даярлық бағдарламасына сәйкес сарбаздармен түрлі сабақтар, тактикалық жаттығулар өткізіледі. Осы сабақтар барысында сарбаздарға әскери дайындықтың әдіс-тәсілдерін үйретіп, оларды әскери іске шыңдайды. Сондай-ақ жауынгерлермен олардың қызмет атқару түрлеріне байланысты арнайы сабақтар да жүргізіледі. Мәселен, жедел мақсаттағы бөліністерде қызмет атқаратын сарбаздарға қоғамдық тәртіпті сақтаудағы іс-әрекет қимылдары, қала көшелерінде қалай жүру керектігі, азаматтармен дұрыс тіл табысу тәсілдері түсіндіріліп, қырағылыққа үйретеді. Ал түзету мекемесінде қызмет атқаратын сарбаздарға бақылау мұнараларында (бекеттерде) дұрыс тұру, аса назарды аударатын бағыттары, қаруды қолдану тәртібі, жауынгерлік қаруды тапсыру, қабылдау ережелері түсіндіріліп және қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін үйретеді. Осылардың барлығын дұрыс және толығымен меңгерген сарбаз жауынгерлік қызметке өз еркімен түседі.

–  Әскердегі тәрбие саласына шолу жасасақ…

– Әрине, әскери ортада бөлімше командирінен бастап генералға дейінгі шенділердің барлығы тәрбиеші десек артық айтқанымыз емес. Себебі барлық санаттағы командирлер сарбаздың және өз қарамағындағы сержанттар мен офицерлердің әскери тәртібіне тікелей жауапты. Әскер қатарындағы қалыптасқан жақсы дәстүрлердің бірі лауазымы жоғары тұлғалар өздерінен кейінгілерге тәлімгерлік жасап, жол сілтемелеп, дұрыс жолда жүруіне септігін тигізіп, әскери тәртіптің үлгісін көрсетіп жүреді. Әрбір әскери қызметшінің  даналығын көрсететін бір ғана көрсеткіш бары бәрімізге мәлім. Жауынгердің бойындағы жиналған ерекше қабілеттерден тұратын бұл көрсеткіштің атауы ол әрине - тәрбие.

Әскердегі заңдылық пен тәртіпті назардан тыс қалдырған емеспіз. Күнделікті жиналыстарда, таңғы саптық тексерістерде жеке құрамға еліміздің әскер қатарында орын алған құқық бұзушылықтарды жеткізіп, олармен түрлі тақырыптарда тәрбие жұмысын өткізіп, әскери тәртіпті бұзудың алдын-алу жұмыстарын өткізіп отырамыз. Сонымен қатар қоғамдық және әскери тәртіпті қатаң сақтау, әскерилер арасында қылмыстық әрекеттерге жол бермеу мақсатында арнайы мамандардың қатысуымен профилактикалық шаралар да өтіп тұрады. 

Алда 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні! Жалпы мерекелік күндер әскерде, әскери бөлім аумағында қалай аталып өтіледі?

– Иә, Ұлттық ұлан әскер қатарында мемлекеттік және ұлттық мерекелер кең көлемде аталып өтіледі. Ол күні барлық санаттаға әскери қызметшілерге мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, шара барысында жауынгерлік қызметте қырағылық танытқан әскери қызметшілерді марапаттаймыз. Офицерлер мен сержанттарға, сарбаздарға сол мерекенің түпкі тарихын жеткізу мақсатында түрлі тақырыптық кештер, белгілі бір тұлғалармен кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Алайда қандай да мереке болмасын біздің басты назарымызда жауынгерлік қызмет тұратыны анық. Оны құқықтық тәртіп әскерінің әрбір жауынгері жақсы түсінеді. 

Мерекелік тілегіңіз...

– Ұлттық ұлан жауынгерлерінің басты парызы – Отан қорғау. Тәуелсіздік мерекесі, ең алдымен әскери адамның мерекесі деп білемін. Себебі тәуелсіздік тұғырын биік ұстау, құлатпау міндеті – Отан қорғаушыларға берілген басты міндеттердің бірі. Тәуелсіздік алған осы отыз үш жыл ішінде еліміздің туын құлатпай, аман-есен, бейбіт өмір сүруі қазақ әскерінің ерлігі, ерен еңбегі.   

Еңсесін енді ғана тіктеп келе жатқан елімізге тіреу болған да, демеу болған да, қорған болған да – қазақ әскері. Әйтпесе осы уақытқа дейін елімізге көз тіккендер аз болған ба еді? Іштен, сырттан төнген қауіп пен қатерлер қаншама. Осының бәріне кеудесін оққа тосып, қалқан болып жүрген – қазақ әскері емес пе? Міне, дәл осындай жолда біздің Ұлттық ұлан жауынгерлері аянбай қызмет етіп келеді. Еліміз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін ел Президенті тұрақтылық пен тыныштықтың жолын ойластырып қойған еді. Өзімнің еңбек жолымда білікті, ел қорғауға әзір әскери қызметшілер дайындап шығарсам, ел Президентінің ұстанған саясатын қолдай отырып, ұлтымыздың бейбіт өмір сүруіне сәл де болса өз үлесімді қоссам, мен үшін одан асқан бақыт жоқ деп білемін.

Біздің Ұлттық ұланымыз күннен-күнге, жылдан-жылға дамып, қарқынына қарқын қосып, өз тарихын тереңдете түсуде. Ұлттық ұлан әскерінің ел ертеңіне үлкен жауапкершілікпен қарайтынына сенемін. Ел үмітін ақтап келе жатқан ұландық сарбаздарымыз «ел қорғаймын», «жер қорғаймын» деген ниетінен таймай мәңгілік елдің мәртебесін асқақтата берсін!

– Генерал-майор мырза, уақытыңыздың тығыздығына қарамай, уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңізге алғысым шексіз. Сізге де зор денсаулық, отбасыңызға амандық, ел игілігі үшін атқарып отырған қызметіңізге табыс тілеймін. Алға қойған жоспарларыңыз бен мақсаттарыңыз орындала берсін. Сұқбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен,

майор Ертуған Әубәкір

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -