Мектептегі психологиялық әл-ауқат: «ДосболLIKE» зерттеуі не көрсетті?

1419
Фотосурет: pressmaster

«ДосболLIKE» бағдарламасы аясында 10 мыңнан астам оқушы мен педагог сауалнамаға қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

«ДосболLIKE» антибуллингтік бағдарламасын апробациялау кезінде оқушылар мен педагогтердің психологиялық қауіпсіздігіне әсер ететін факторларды анықтауға бағытталған ауқымды зерттеу жүргізілді. Еліміздің тоғыз өңірін қамтыған әлеуметтік сауалнамаға алты өңірдің педагогтері мен пилоттық мектептердің оқушыларын қоса алғанда, 10 мыңнан астам респондент қатысты.

 «ДосболLIKE» бағдарламасы буллингтің алдын алу және оған қарсы тиімді әрекет ету, сондай-ақ мектептерде қолайлы әлеуметтік-психологиялық орта қалыптастыру үшін құрылған. Пилоттық мектептерде психологиялық қауіпсіздікті нығайтуға және оқушылар мен педагогтер арасындағы өзара түсіністікті дамытуға бағытталған жүйе енгізілді.

«Респонденттердің екі тобы – оқушылар мен педагогтер арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнама мектеп ортасындағы психологиялық қауіпсіздікке әсер ететін негізгі факторларды анықтауға мүмкіндік берді. Біз үш негізгі критерийді айқындадық: психологиялық қауіпсіздік – зорлық-зомбылықтан, жәбірлеу мен қауіп-қатерлерден қорғану; психологиялық жайлылық – ұжымдағы ізгілік пен сенім деңгейі; психологиялық қанағаттану – мектеп ортасын қабылдау. Сондай-ақ оқушылардың бір-бірімен, педагогтердің өзара және оқушыларымен қарым-қатынасы талданды» ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова

«ДосболLIKE» бағдарламасы шеңберінде алынған деректер негізінде мектеп психологтарының рөлін нығайту, педагогтер мен оқушылар арасындағы сенімді қарым-қатынастарды дамыту, сондай-ақ білім беру процесіне барлық қатысушылардың психологиялық әл-ауқатын арттыру үшін қосымша шараларды енгізу жөніндегі жұмыс жалғастырылады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -