Арнайы әскери бөлімнің тарихы

2211
Фотосурет: Ұлттық ұлан

1999 жылдың 28 желтоқсанында маңызды мемлекеттік нысандарды  күзету мен қорғау  бойынша қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындау мақсатында Алматы қаласында арнайы 3650 әскери бөлімі құрылды. Бірақ әскери бөлімнің тарихы бұдан бұрын бастау алған еді...

1991 жылы «мызғымас» Кеңестік Социалистік Республикалар одағы тараған кезде, елдің құнды заттарын талан-таражға түсірмей, күзетке алу керек болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда еліміз тәуелсіздігін жариялаған соң, бес күннен кейін, 1991 жылы 20 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті № 792  және 1992 жылы 25 ақпанда № 158 Қаулыларын қабылдап, 1992 жылғы 13 шілдеде  Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер Қолбасшысының бұйрығымен Қазақстан Республикасы  Ұлттық банкінің құндылықтарын сақтау ғимаратын күзету бойынша 3650 әскери бөлімі арнайы комендатурасының жеке құрамы жинақталды. Ол кезде аса құпия саналған қоныстану орны – Алматы облысы Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылы болды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің құндылықтарды сақтау ғимараттарының және жеке арнайы комендатуралардағы күзет жүйесінің өзгеруіне байланысты Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер Қолбасшысының бұйрығымен 1999 жылғы 20 желтоқсанда 3650 әскери бөлімінің құрылған күні ресми бекітілді. Осы күннен бастап, әскери бөлімнің тарихы жазыла бастады. Әскери бөлім 25 жылға жуық уақыт бойы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі (филиалы) кассалық операциялар және құндылықтарды сақтау орталығы, Банкнот фабрикасы және Ядролық физика институты сияқты маңызды мемлекеттік нысандарды күзету мен қорғауға өзінің қомақты үлесін қосып келе жатыр.

Әскери бөлімнің алғашқы комендатурасы 1992 жылы Алматы облысының Ұзынағаш аулында ашылғанда, қызметке әскери қызметшілер емес, ел арасындағы азаматтардан қабылданды. Ол кезде әскердің жабдықталуы өте қиын жағдайда болатын, әскери форма берілмейтін, тіпті жалақының уақытында төленуі де қиын болатын. Бірақ аса құпия нысанды күзетіп отырған жеке құрам, оның  жауапкершілігін сезіне білді. Одақ тараған соң, өзінің еншісін алып шыққан Қазақстан алтын қорын бір жерге жинақтап, Алматы облысы Жамбыл ауданының жинақ кассасына әкеледі. Сыртынан елеусіз ғана болып тұрған сұр ғимараттың ішінде кеңсе жұмыстары жүргізілсе, астындағы арнайы сақтау орнында мемлекеттің құндылықтары сақталды және бұл аса құпия нысан болғандықтан, ол жайында санаулы адам ғана білді. Ал әскер қолбасшылығы тарапынан бірлі-жарым ғана адамның кіруіне рұқсаты болды.

Бұл туралы өзінің естелігінде отставкадағы полковник Еркеш Құлбаев былай дейді:

- Мен осы әскери бөлімде 1993 – 1996 ж.ж. аралығында батальон командирі болдым. 1995 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әскери бөлімге келді. Ол кезде елдегі барлық байлық, алтын-күміс – мемлекеттік құндылықтар сақталатын қойманы біздің арнайы әскери бөлім күзетіп тұрған еді. Күзет деген аты болғанымен, ешқандай жабдығы жоқ, тек сақшылар өту қағазын ғана тексеріп тұратын. Сондықтан да ебін тапқан жұмысшылар ұрлық жасайтын. Мен осы жағдайды тоқтату үшін әскери бөлімнің жан-жақты жабдықталу мәселесін Президенттің келуімен шештім. Бақылау-өткізу пункті арнайы жабдықталды. Ерлер мен әйелдерді тексеріп өткізетін бөлме, жұмысшылардың жеке құнды заттарын, әшекейлерін өткізетін орын, металл іздейтін құрал, бейнебақылау камералары қойылды.  Бұдан кейін ұрлық кілт тоқтады. 

Аталған нысан 1999 жылдың жазынан бастап жыл аяғына дейін Алматы қаласына көшірілді. Жаңа орынға қоныс аудару жоспарлы түрде арнайы жасақтың және БТР-80, БМП техникаларының ілесіп жүруі арқылы жүзеге асырылды. Бұл үдеріс жарты жыл бойы жүргізілген.

Бұл қызметтің өзіндік ерекшеліктері мен күрделі тұстары бар. Айтар болсақ, бұл жерден өте үлкен сомадағы құндылықтар өтеді, олардың әрбір құжатын нұсқаулыққа сәйкес қатаң тексеру керек, қол қоятын әрбір лауазымдық тұлғаның қолын айнытпай танып, ажырата білу керек. Бұл жерге көптеген мекемелерден адамдар келеді, солардың әрқайсысымен сыпайы сөйлесе біліп, қатаң тәртіпті де талап ете алу керек. Адам болған соң, әр түрлі мінез-құлық болады. Қазіргі уақытта адамдар өте асығыс жүреді. Күтіп тұруға шыдамайды. Ұзақ жылдар бойы қызмет істеп жүргендер бар, осы тексерістен күнде өтетіндер болады. Кейбір адамның жеке мәселесімен көңіл күйі болмай тұруы мүмкін. Осындай жағдайларда текетірес тудырмай, тиісті талапты қоя білу керек.   

Бұл қызметке жеке құрам қарумен түседі, мекемеге келетін адамдардың да қаруы болады. Тәртіп бойынша келген адам қаруын өткізіп кетеді. Қарауыл арнайы нұсқаулық бойынша қаруларды оқ-дәрілерімен бірге қабылдап, шыққан кезінде тәртіппен қайтарып беріп отырады. Бұның бәрі әскери қызметшілерге кейде психологиялық тұрғыдан ауыртпалық та түсіреді. Сондықтан бұл қызметте тек табанды, әбден ысылған, психологиялық жағынан әбден дайындалған адамдар ғана қалады.

Бөлімнің алғаш құрылып, дамуына көп еңбек сіңірген алғашқы командирлерін жеке құрам ұмытпай, әрқашан құрмет тұтады. Олардың қатарында (сол кездегі әскери атақтары көрсетілген) майор Николай Самоделкин, майор Мугамед Байкулов, полковник Еркеш Кулбаев, подполковник Бақытжан Құлмырзаев, подполковник Юрий Гаврилов, майор Нұрлан Сексенбаев, полковник Дәулетқали Мұқанов, майор Сергей Агошков, полковник Скендер Балтабеков, полковник Арман Батыргереев, полковник Юрий Гриб, подполковник Қуатжан Спатаев, полковник Талапкер Әміреев, полковник Герман Шитиковтер бар.

Қазіргі уақытта 3650 әскери бөліміне полковник Айдос Шаяхметов басшылық жасап отыр. Ол жеке құрамның қызметі мен іскерлігін, бағынысындағы жекелеген азаматтардың мұқтажын да көре біліп, басшы ретінде тиісті талабын қойып, керек кезде қолдау да жасап отыр. Бөлімнің қолбасшылығы Мемлекеттік маңызды нысандар күзетін қамтамасыз ететін жеке құрамның жауынгерлік әзірлігі мен моральдық-психологиялық ахуалын жоғары деңгейде ұстап тұру үшін нәтижелі қызмет атқарып отыр. Оның дәлелі – мемлекеттік маңызды нысандардың күзетіне осы күнге дейін ешқандай ескерту мен айтарлықтай шағым түскен емес!

Запастағы подполковник

Данара БАЙМАҒАНБЕТОВА,

Алматы қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -