Қазақстандағы заң білімін дамыту

1221
Фотосурет: ©️ А.Байжұманов/Сенаттың Баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов бастаған Палатаның Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясында болды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Суретті түсірген: А.Байжұманов

Сенат Төрағасының орынбасары Жақып Асанов өз сөзінде судья лауазымына үміткерлерді іріктеу сапасына маңыз бере келіп, Сот төрелігі академиясының қызметін одан әрі жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныстар енгізді.

Суретті түсірген: А.Байжұманов

Комитет төрағасы Нұрлан Бекназаров өз сөзінде Президенттің сот жүйесін реформалау жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында Парламент 2023 және 2024 жылдары «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына өзгерістер енгізгенін атап өтті. Бұл түзетулер Жоғары Сот Кеңесінің рөлі мен мәртебесін күшейте түседі және оған бұрын Жоғарғы Соттың құзыретінде болған кадр жөніндегі өкілеттіктерді беруді көздейді. Сондай-ақ, 2024 жылдың шілде айынан бастап Сот төрелігі академиясы ресми түрде Жоғары Сот Кеңесінің қарамағына өткен болатын.

Суретті түсірген: А.Байжұманов

«Мемлекет басшысының Жолдауларындағы халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру, сот төрелігінің сапасын жақсарту және заң үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттердің орындалуы сот корпусының кадр әлеуеті мен судьялардың кәсіби даярлық деңгейіне тікелей байланысты. Осы тұрғыда сот жүйесіне кадр даярлауда және судьялар корпусын кәсіби мамандармен толықтыруда Сот төрелігі академиясы маңызды рөл атқарады»  Нұрлан Бекназаров 

Қатысушылар талқылау барысында сот жүйесін реформалау және Сот төрелігі академиясының жұмысына қатысты Парламент бұрын қабылдаған заңнамадағы жаңалықтарға баса назар аударды. Сондай-ақ, сот жүйесін кадрмен қамтамасыз ету және проблемалар мен оларды шешу жолдары қаралды.

Бұл шара алдағы наурыз айында өтетін парламенттік тыңдауға дайындық аясында ұйымдастырылып отыр. Тыңдауда заңгерлік білім беруді дамыту, сот және құқық қорғау жүйелері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың құқықтық қызметінің кадрлық әлеуетін нығайту мәселелері қаралып, еліміздегі норма шығармашылығы қызметінің сапасын арттыру жолдары талқыланатын болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -