Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) «Қ.К. Тоқаевтың 3 жылдық саяси реформаларының қорытындылары» тақырыбында «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat.» Ұлттық сараптама алаңының отырысын өткізді.
Жиында Қазақстанда соңғы үш жылда жүзеге асырылған саяси реформалардың негізгі аспектілері, олардың мемлекеттік басқару, құқықтық жүйе және азаматтық қоғамның дамуына ықпалы талқыланды.
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры Еркін Тұқымов соңғы үш жылда елімізде ғана емес, бүкіл посткеңестік кеңістікте бұрын-соңды болмаған демократиялық реформалар жүзеге асырылғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, саяси жаңғыртусыз елдің тұрақты ілгерілеуі мүмкін емес. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында жан-жақты саяси реформалардың жүзеге асуы әлемдік қауымдастыққа Қазақстанның өзін сенімді сезінетінін және біздің ауызбірлікті біртұтас ұлт екенімізді білдіретін сигнал. Президент Тоқаев Қазақстанның даму, ілгерілеу және реформалар жолын таңдап жатқанын көрсетті. Бұл оның тарихи миссиясы, ел басшысы ретіндегі жауапкершілігі. Реформалардың түпкі мақсаты – әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру, еліміздің егемендігін нығайту, демократиялық институттарды нығайту және жаңа саяси дәстүрлерді қалыптастыр. Еркін Тұқымов
Сондай-ақ ҚЗСИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина 3 жыл ішінде елімізде қандай реформалар жүзеге асырылғанын атады.
Ең алғашқы реформалардың бірі президент институтына қатысты болды. Яғни Президент бүгінде партияның мүшесі, төрағасы бола алмайды. Сондай-ақ Президенттің жақын туған-туысқандары мемлекеттік органдарға басшы бола алмайды. Одан кейін Парламентке қатысты реформа болды. Өздеріңіз білетіндей, Сенат пен Мәжіліске қатысты реформалар өзгерді. Мысалы, Мәжілістің өзінде бірден 3 партиялық Парламентке 6 партиялық Парламентке келдік. Одан бөлек, бірнеше жыл бойы болмаған Конституциялық Сотты орнына келтірдік, - деді сарапшы.
Алуа Жолдыбалина соңғы 2-3 жылдың ішінде елімізде екі референдум өткенін айтты. Сарапшы атағандай, Қазақстан тарихында барлығы 4 референдум болған.
Ауыл, аудан әкімдерін сайлай бастадық. Бұрын саяси партияларды тіркеу үшін 20 мың қол жинау керек еді, қазір 5 мың қол жинаса жеткілікті. Одан бөлек, Парламентке өту межесі 7% болатын, қазір 5%. Сондай-ақ мәслихаттарды қалыптастыруды өзгерттік, - деп айтты сарапшы.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым да Президенттің 3 жыл бұрынғы жолдауынан туындаған реформаларға 3 толып отырғанын айтып, бұл маңызды меже екенін ерекше атап көрсетті.
Жасалған реформалар, өткен референдум, қабылданған заңдар, сайлаулар ең бастысы қоғамның болмысын өзгертуге жасалып жатқан қадамдар. Мысалы, былтыр әрбір кәмелетке толмаған балаға 100 долллардан шотына аударылды. Ал биыл одан да көп ақша аударыла бастады. Экономикамыз дами берсе, оның әлеуеті арта берсе, Ұлттық қорымыз «қампия» беретін болса, онда азаматтарға түсетін қаражаттардың саны да арта түседі. Яғни «менің үлесім қайда?» деген сұраққа жауап осы. Айдос Сарым
Сарым елде жасалып жатқан реформалардың бәрі мемлекеттің ашықтығын және биліктің халыққа, қоғамға, сайлаушыға тәуелділігін қамтамасыз ету екенін қоса кетті.