Әскери кафедралардың дайындық бағдарламасын реформалау аясында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов еліміздің жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі Astana IT University-не барды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Әскери-оқытылған резервті оқытудағы жаңа тәсілдермен және мүмкіндіктермен танысқан Қорғаныс ведомствосының басшысы студенттердің жабдықталуы мен дайындық сапасына назар аударды.
Әскери кафедраны әскери билет алатын орын ретінде ғана қабылдауға болмайды. Біз бұл түсінікті түбегейлі өзгертіп, кафедралардың базасында дайындық орталықтарын құруымыз қажет. Онда болашақ сержанттар мен запастағы офицерлер Қарулы күштерге қажетті нақты білім алып шығуы тиіс Руслан Жақсылықов
Ол сондай-ақ әскери кафедралардың реформасы қауіп-қатердің жаңа түрлеріне дайындалу қажеттілігінен, сондай-ақ сенімді және кәсіби дайындалған резервті қамтамасыз етуден туындағанын атап өтті.
Сонымен бірге Қорғаныс министріне робототехника және ұшқышсыз ұшу аппараттары саласындағы студенттердің техникалық әзірлемелері көрсетілді.
Astana IT University орталығының балансында 13 ұшқышсыз ұшу аппараты бар UAV тұсаукесері өтті. Министр жастардың тренажерларда пилоттық және FPV-дронрейсингті қамтитын жаңа, заманауи киберспорт түрлеріне көптеп тартылғанын, сондай-ақ олардың өз дрондарын жасау мен бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу бойынша ғылыми жобаларға қатысқанын атап өтті.
Ол сондай-ақ университетте жүргізілген желілік қорғаныс, деректерді қауіпсіз беру және геокеңістіктік ақпаратты талдау саласындағы кешенді зерттеулер әскерилер үшін қызығушылық тудыратынын атап өтті.
Сапар соңында Қорғаныс министрі бірқатар міндеттер қойды. Оның ішінде Қазақстан армиясы үшін кіші мамандар даярлау бойынша да нақты тапсырмалар бар. Ол оқу бағдарламаларын түзетуді және оларды Қарулы күштердің талаптары бойынша дайындауды тапсырды.
Қазіргі уақытта Astana IT University әскери кафедрасының базасында киберқауіпсіздік, геоақпараттық жүйелер, топографиялық жұмыстар, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерін басқаруды автоматтандыруды ұйымдастыру және тағы басқа мамандықтар бойынша запастағы офицерлер мен сержанттар бағдарламасы бойынша 524 студент даярланып жатыр.