Сенатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген Ұлттық цифрлық инвестиция платформасы таныстырылды. Депутаттарға қазіргі таңда платформаға 855 инвестициялық жоба жүктелгені туралы айтылды. Ол жобалар жөніндегі мәліметтерді бақылауға, мемлекеттік органдармен жедел өзара әрекеттесуге, жүзеге асып жатқан бастамалар мен инвестициялық ұсыныстар туралы маңызды деректерді алуға мүмкіндік береді. Платформадағы негізгі функцияның бірі – инвесторларға қатысты шектеу және тыйым салу шараларын прокуратура органдарымен келісу болып отыр. Бұл кәсіпкерлердің мүддесін қорғаудың қосымша кепілі ретінде қарастырылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Таныстырылым барысында Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаров еліміздің экономикасына тікелей инвестиция тартудың маңыздылығын тоқталды және инвесторлар үшін қолайлы және ашық жағдай жасау басым міндеттердің бірі екенін атап өтті. Платформа 2024 жылғы 17 желтоқсанда өнеркәсіптік пайдалануға берілді және оның басты мақсаты – инвестиция процесін жеңілдету, әкімшілік кедергілерді азайту және инвестициялық жобаларды сүйемелдеудің ашықтығын арттыру болып табылады.
Отырыс барысында Парламент депутаттары мен басқа да қатысушылар платформаның жұмыс істеу қағидаттарын, оны дамыту келешегін және инвестициялық жобаларды қолдау тиімділігін арттыру тетіктерін талқылады. Инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.