Америкалық travel-журналистер «АLMATY Through American Eyes» жинағын шығарды және Қазақстанның бірегей дәстүрін, табиғаты мен мәдениетін паш етті. Басылым еліміздің 5 мәдени ерекшелігін көрсетеді: жеті атаға деген құрмет, ежелгі рәсімдерге деген сенім, киіз үйлердегі этикет, шахмат ойнау мәдениеті және құстарды аң аулауға үйрету өнері, деп хабарлайды DKnews.kz.
2023 жылы АҚШ-тың travel-журналистері мен фотографтары үшін Алматы қаласында және оның айналасында баспасөз туры ұйымдастырылды. Олар Американың саяхат жайлы жазушылар қоғамының (SATW) мүшелері болып табылады.
Меймандар басты тарихи және туристік бағыттармен, гастрономиямен танысты. Олар Қазақстанға жасаған сапары туралы әсерлерін буклетте баяндауды жөн көрді. Бұл шетелдік оқырмандарға американдықтардың көзімен Қазақстанға қарауға мүмкіндік береді.
«Табиғаты мен мәдениеті бай және бейбіт Қазақстанның бір бұрышын аралау және зерттеу үлкен қуаныш! Мен бұл ел туралы алғаш рет мектепте «Дүниежүзі тарихы» курсында білдім. Жоғары сыныпта оқып жүргенде Қазақстанға келу мүмкіндігіне ие боламын деп ешқашан ойламаған едім. Кітаптағы мақалалар мен фотосуреттер – осы тіршілігі қайнаған қала мен көркем ел туралы әсеріміз бен жылы естеліктеріміздің көрінісі» Дэвид Ланг
Жинақ авторлары Қазақстанның мәдениеті, табиғаты мен дәстүрлері туралы баяндап, өзіндік ерекшелігі мен бай мұрасын көрсетуге талпынған. Оның ішінде ұлттық тағамдардан бастап музыкалық аспаптарға және зергерлік бұйымдарға дейін қамтылған.
Алматыға саяхат шетелдік қонақтарға Қазақстанның гастрономиясымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді. Олар жергілікті тағамдардың алуан түрлігін, жергілікті тұрғындардың қонақжайлылығын ерекше атап өтті. Шарын шатқалы, Қайыңды көлі және Көктөбедегі The Beatles мүсіні саяхаттың жарқын сәтіне айналған.
Атап өткен жөн, 2019 жылдан бастап Kazakh Tourism Американың саяхат жайлы жазушылар қоғамымен (SATW) ынтымақтастық орнатқан.