Алматы облысы Алатау қаласы Заречный ықшам ауданындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 3660 әскери бөлімінде Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу өтті.
Әскери бөлімнің жеке құрамы сап түзеп, құрметті қонақтарды салтанатты түрде қарсы алды. Іс-шара барысында бөлім командирі подполковник Ерлік Оспанқұлов ардагерлерге алғыс білдіріп, олардың ерліктерін қазіргі ұрпақ ешқашан ұмытпайтынын атап өтті.
Ауған соғысының ардагерлері – полковник Скендер Балтабеков пен полковник Геннадий Фалеев жас сарбаздармен ашық сұхбат өткізіп, өздерінің әскери қызмет жолындағы қиындықтары мен жауынгерлік тәжірибелері туралы баяндады.
"Ауғанстан – біздің жастық шағымыздың ауыр кезеңі болды. Ол жерде біз тек соғысып қоймай, нағыз бауырластықтың не екенін түсіндік. Қанша қиындық көрдік, бірақ Отан алдындағы борышымызды адал орындадық" ардагер Скендер Балтабеков
Кездесу барысында әскери қызметшілер ардагерлерге қызықты сұрақтар қойды. Әңгіме барысында олар Ауған соғысының тактикалық ерекшеліктері, жауынгерлік рух, әскери дайындық және бауырластық туралы маңызды ақпарат алды.
"Бүгінгі кездесу біз үшін өте маңызды болды. Біз кітаптан оқыған тарихты көзбе-көз естідік. Бұл бізге әскери қызметтің қаншалықты жауапты екенін тағы бір рет ұқтырды" жас сарбаздардың бірі қатардағы Ринат Мусагулов
Кездесу соңында ардагерлерге ерекше құрмет көрсетіліп, иықтарына дәстүрдің нышаны саналатын шапан жабылды. Бұл – ерлік пен батырлықтың белгісі ретінде берілген сый-құрмет еді. Қан майданда қайсарлық танытқан жауынгерлерге шапан кигізу – олардың еңбегіне деген халықтың алғысы мен құрметінің айқын көрінісі.
Шапан жамылған ардагерлердің жүзінен шынайы ризашылық пен мақтаныш сезімі байқалды. Бұл сәт ұрпақтар сабақтастығының, жауынгерлік рух пен батырлықтың мәңгілік екенін дәлелдеген айрықша көрініс болды.
Осындай шаралар жауынгерлік дәстүрді нығайтып, әскери қызметшілерге патриоттық тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Ауған соғысының ардагерлері ел тарихының куәгерлері, олардың ерлігі мен тәжірибесі болашақ ұрпақ үшін мәңгілік өнеге болып қала береді.
Лейтенант Әлия Әбдіғалиева,
3660 әскери бөлімі