«Жеңіске 100 күн қалғанда»: Ұландықтар тыл ардагерлеріне тарту жасады

2024
Фотосурет: Ұлттық ұлан

1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан шамамен 1 миллион 200 мың адам қатысты.

Бұл адамдардың арасынан 600 мыңнан астамы майданда қаза тапты. Соғыс жылдары көзсіз ерлік көрсеткен қазақстандық 500-ге жуық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алған, деп хабарлайды DKnews.kz.

Тылда да шамамен 1 миллион 200 мың қазақстандық жұмыс істеді. Олар қару-жарақ, әскери техника жасау, азық-түлік өндірісі, медициналық көмек көрсету және басқа да қажетті салада еңбек етті. Тылда еңбек еткендер арасында әйелдер мен балалар да көп болды.

Биыл Ұлы Жеңіске 80 жыл толады. Жеңіс күніне орай елімізде бірқатар ауқымды іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Бұған Ұлттық ұлан әскері де атсалысып жатыр. Соның ішінде Астана қаласында орналасқан 6636 әскери бөлімінің басшылығы мен әскери қызметшілері бірқатар маңызды іс-шараны қолға алды.

«Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» атты акция аясында 6636 әскери бөлімінің командирі полковник Ерлан Буранбаев бастаған әскери қызметшілер тыл ардагерлері Инсафитдин Гареев пен Любовь Войтовичтердің үйлеріне барып, оларды құттықтап қайтты.

Ардагерлеріміз басшылықты жылы шыраймен қарсы алып, алғыстарын білдірді. Бұл кездесу барысында әскери қызметшілер ардагерлердің тұрмыс-жағдайымен танысып, көмек көрсету туралы сөз қозғады. Сондай-ақ қарттарға тарту-таралғыларын табыстады. Мұндай ізгі ниет пен қамқорлықтың ардагерлер үшін маңызы зор, себебі олар ел үшін тылда жан аямай күрескен батырлар.

- Сұрапыл соғыс кезінде ерлердің бәрі майданға аттанды. Уақыт өте келе бала-шаға, әйелдер мен қариялар тыл жұмыстарына тартылды. Ұрысқа жарайтындар қолына қару алса, біздер соларға қолғабыс болу үшін тылда тынбай жұмыс істедік. Осылайша, әрқайсымыз сәл де болса Жеңісті жақындатуға үлес қостық, - деді өткен күндерді еске алған Любовь Войтович.

Бұдан бөлек, осы акцияның аясында 6636 әскери бөлімінің әскери қызметшілері «Отан-Ана» ескерткішіне барып, батыр бабаларымыздың рухына тағзым етті. Бұл рәсімге ардагерлер арнайы шақыртылды. Әскери қызметшілер монумент алдында бір минуттық үнсіздік жариялап, гүл шоқтарын қойды. Бұл іс-шара еліміздің тарихындағы елеулі жеңісті ұмытпаудың, әрі жастарға батыр бабаларымыздың ерліктерін еске салудың маңызды көрінісі болды.

Елдің ержүрек ұлдары мен батыр аналарының ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Ұлы Жеңіс күні – еліміздегі бейбітшілікті сақтау жолында жанын қиған боздақтар мен еңбеккерлердің есімі жаңғыратын күн. Жеңіс салтанаты әрдайым біздің жүрегімізде сақталады, ал бұл іс-шаралар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын ұлттық қасиеттің белгісі ретінде мәңгілікке есте қалады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -