Жетісай ауданында қысқы-көктемгі кезеңдердегі су тасқынына дайындық жұмыстарын пысықтау, орын алуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша оқу-жаттығу өтті. Онда табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін аудандық азаматтық қорғау және авариялық-құтқару қызметі қатарынан құрылған 12 команда жетекшілері мен топ мүшелерінен қызметтік міндеттері сұралды, техникалардың, су сору құрылғылары (мотопомпа) мен жеке құрамның дайындығы, шартты су басу салдарын жою жұмыстары тексерілді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Шараның мақсаты – айтып келмейтін табиғи-техногендік апаттарға қашанда дайын болу керектігін ескере отырып, аудандағы азаматтық құтқару топтарының дайындығын, қажетті техникалары мен құрал-саймандарының жарамдылығын пысықтау, тексеру.
Сонымен қатар аудан басшысы оқу-жаттығу барысында апат орын алған жағдайда бірінші кезекте қажеттілігі туындайтын байланыс саласымен, азық-түлікпен қамтамасыз ететін және барлау-құтқару қызметтерін жүргізетін басты салалардың жұмыстарына ерекше көңіл бөлді.
Осылайша аудандағы төтенше жағдайлардың алдын алу, төтенше жағдай кезінде адам шығынын болдырмау және төтенше жағдайда ережеге сәйкес дер кезінде іс-қимыл атқаруды дұрыс ұйымдастыру мақсатында өткен республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу жұмыстары тағы да бір рет пысықталды.