Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукин Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттердің Парламент Комитеттері төрағаларының төртінші кеңесіне қатысты. Шара сыртқы саяси ұстанымдарды үйлестіру, парламентаралық ынтымақтастықты дамыту және ҰҚШҰ аясындағы заңнамалық өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелеріне арналды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қатысушылар кеңес барысында халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің негізгі мәселелерін, ҰҚШҰ-ның әскери құрамдас бөлігінің тиімділігін арттыру жолдарын, сондай-ақ мүше мемлекеттердегі сайлау үдерістеріне шетелдің араласуынан қорғау шараларын талқылады. Қауіпсіздік мәселелерін заңнамалық реттеу саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Кеңесте сондай-ақ 2026–2030 жылдарға арналған ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы жұмысы бағдарламасының жобасы қаралды. Құжат мүше мемлекеттердің ұлттық заңнамаларын жақындастыру мен үйлестіруге бағытталған, сондай-ақ өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ортақ тәсілдерін әзірлеуді көздейді.
Кеңес қорытындысы бойынша ҰҚШҰ аясындағы парламентаралық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі алдағы қадамдар айқындалып, сыртқы сын-қатерлер мен қауіптерге бірлесіп қарсы тұру тетіктерін жетілдіру жөнінде келісімдер жасалды.