Шымкенттік жас сарбаздар ант қабылдады

5566
Фотосурет: 6698 әскери бөлімі

2025 жылдың 8 ақпанында Ұлттық ұланның Шымкент қаласында орналасқан 6698 әскери бөлімінің кезекті шақырылымының жас сарбаздары әскери ант қабылдады.

Әскери ант қабылдаған 150-ден аса сарбаз еліміздің оңтүстік аймақтары Қызылорда, Тараз, Алматы және Орал қаласынан шақырылған болатын. Ленгер қаласында жасақталған оқу пунктінде жас сарбаздар бір ай көлемінде әскери қызметтің алғашқы дайындығынан өтті.

Аталған салтанатты шараға әскери бөлімнің ардагерлері сонымен қатар жас сарбаздардың ата-аналары мен жақын туыстары қонақ ретінде қатысып, ұлдарының қолдарына қару алып, әскери өмірге нық қадам басып, елдің аманатын, Отанымыздың тыныштығын қорғайтын нағыз жауынгер болуына ант беруінің куәсі болды.

Жас жауынгерлерге 6698 әскери бөлімінің командирі подполковник Сакибеков Нұрлан: «Әскери ант қабылдау – Отаныңа халқыңа ақтық демің қалғанша адал болу, ел басын күн туғанда, барлық қиындықты мойнымен көтеру, қажет жерде жан қию деген сөз. Ант –адалдық рухы, халқымыз анттан атағаның –ардан аттағаның деген. Артылған аманат пен жүктелген сенімді абыроймен атқарады деп сенеміз! Ұлттық ұлан қатарында қасиетті борыштарыңызды қырағылықпен, батылдықпен атқарып, аман-есен туған жерге оралуларыңызға тілектеспін»,- деген құттықтауын арнады.

Жас сарбаздарымыздың ант қабылдау рәсімінен кейін өнерлі жауынгерлер әуелете ән шырқап, қонақтарға әскери қоян-қолтық ұрыс әдістерінен қойылым көрсетті. Жауынгерлеріміздің алыс-жақыннан келген ата-аналары мен жақындары бөлім басшылығымен сұхбат жасап, көкейкесті сұрақтарына жауап алды. Айта кетейік, алдағы уақытта әскери ант қабылдаған жас сарбаздар енді Шымкент қаласындағы түзеу мекемелерін күзету бойынша жауынгерлік қызмет атқаратын болады.

6698 әскери бөлімі капитан Шынжігітова Малика

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -