Аягөз гарнизоны 10810 әскери бөлімінде “Нүктелі алдын алу әдістемесі” негізінде құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында барлық санаттағы әскери қызметшілерімен түсіндіру сабағы ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Түсіндіру сабағының негізгі мақсаты – әскери қызметшілер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, әскери қызметтен жалтару, құмар ойындардан аулақ болу, өзіне-өзі қол жұмсау мен психотроптық заттарды өткізу және заңсыз дайындау тақырыбында жалпы құқықтық негіздерді түсіндіру.
Іс-шараға Аягөз гарнизоны әскери полиция бөлімінің алдын алу бөлімшесінің бастығы әділет капитаны Руслан Сүтжанов, Аягөз аудандық ауруханасының психологы Жадыра Ахметова, Аягөз орталық мешітінің бас имамы Нұржан Ешенгазинов және аудандық полиция бөлімінің майоры Б.С.Атантаев қатысып, өз баяндамаларын жасады.
Сабақ барысында арнайы келген мамандар ішімдік пен есірткілердің зардабы, психотропты заттарды заңсыз сақтау мен өткізу және жат ағымның әскери ортада енуіне жол бермеу, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзбау тақырыптары аясында өз баяндамаларын жасап, заң талаптарын жеткізді. Бұдан бөлек қонақтар жеке құрамның назарына құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған қысқа метражды бейнероликтерін ұсынып, сауалдарға жауап берді.
- Аягөз гарнизонында әскери қызметшілердің салауатты өмір салтын қалыптастыру мен құқықтық танымдарын жетілдіру мақсатында жоспарланған бүгінгі сабақ жоғарғы деңгейде өтті. Осы кездесу барысында жеке құрамға кез-келген құқық бұзушылықтың салдары үлкен қылмысқа әкеліп соғатындығы жеткізіліп, мамандармен толық ақпарат берілді, – деді әділет капитаны Руслан Сүтжанов