Павлодарда ұландықтар поэзия мұзбалағын дәріптеді

7183
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінің  клубында жеке құраммен өткізілетін тәрбие жұмысы сағатында поэзия әлемінде өзіндік қолтаңба қалдырған, өлеңге ерекше рең, өзгеше үн берген ХХ ғасырдың мөріне арналған ақиық ақын –Мұқағали Мақатаевтың туған күні қарсаңында «Мұқағали-мәңгілік ғұмыр» атты әдеби-сазды кеш өткізілді.

Шараның шымылдығын 2017 жылы Астана қаласында  студенттер арасында ұйымдастырылған  «Мұқағали оқуларының» жеңімпазы атанып, 3 миллион теңгенің иесі атанған  қатардағы жауынгер Жұмағали Дәулет ашты. Ол  ақынның келешек ұрпаққа арнаған өсиетімен және «Бүгін менің туған күнім!»  және «Поэзия» атты өлеңдерін қалың елге тарту етті.  Шара барысында саптағы сарбаздар ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр  шертетін бейнероликті  тамашалады. Қатардағы жауынгерлер Алпысов Санжар, Жомартұлы Нұрислам, Ринатұлы Ильястың орындауында ақынның сөзіне жазылған  «Қайран жеңгем», «Есіңе мені алғайсың», «Мен деп ойла», «Жарығым-ай», «Күрең күз» әндер шырқалып,  кеш көркіне шырай қоса түсті.

Ал қатардағы жауынгерлер Жұмағали Дәулет, Мұқатай Мұрал, Орынбай Нұрсұлтан, Тұрсын Марғұлан, Шымат Нұрсұлтан, Қалиасқар Мағжанның  орындауындағы «Алтай-Атырау» поэмасы, «Отан, туған жер, өмір, бақыт, махаббат» тақырыбындағы туындылар көрермен жүрегінен орын таба білді.  Мұқағали өлеңдерін жаттаған сарбаздардың қатарында  ақынның көрші ауылы  Алматы облысы Райымбек ауданының Қызыл шекара ауылының тұрғыны, ұлы жүз Албан тайпасының Шоған абыз ұрпақтары-Алжан руынан шыққан қаламгердің руласы қатардағы жауынгер Мұқатай Мұрал да болды.

- Мен жерлесім, руласым  Мұқағали ақынның таңғы шықтай таза, бұлақтай мөлдір поэзиясына бала күннен ғашықпын. Мектеп қабырғасында «Мұқағали оқуларына» белсенді түрде қатыстым. 2023 жылы онлайн түрде өткізілген «Мұқағали оқуларында» «Шеше,сен бақыттысың!» өлеңін мәнерлеп оқып, жүлделі орынға ие болдым.Мұқағали  жастардың жүрегіне от беретін, сыршыл  мінез бен өршіл рухтың лебі есіп тұратын біртуар ақын. Оның поэзиясынан Отанға, туған жерге, ата-анаға, өмірге  деген шексіз махаббатты сезіндім, - деп ағынан жарылды қатардағы жауынгер.

Кеш қатысушылары ақынның шығармаларынан   рухани азық алды. Жыл керуені алға жылжыған сайын ақынның  артынан қалдырған  өшпес мұрасы қараңғы түннен сәулесін шашқан жарық жұлдыздай іспетті.Ал, біздің мақсат осы мұраны жаңғырту, жалғастыру, дәріптеу деп білемін.

Аға лейтенант Дана Мұқанова, 5512 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының аға көмекшісі

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -