2024 жылдың қыркүйегінде қаланың су тасқыны қаупі бар учаскелері комиссиялық тексерілді, 18 учаске бойынша аудан әкімдеріне қажетті шараларды қабылдау туралы ұсынымдар берілді, яғни каналдарды тазалау және төсеу, арық-науа жүйесін орнату және т.б, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Қуаныш Тоқсарин мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Қаңтар айында су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы басталды, тұрғын үй секторының тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үгіт материалдарын тапсыра отырып, ықтимал қауіпті учаскелерде 51 рейд жүргізілді.
Бүгінгі таңда коммуналдық қызметтер қала аумағынан 5,5 млн текше метрден астам қар шығарды, 16,4 мыңнан астам метр арық-науа желісі, 10 522 метр коллекторлар, 573 дана жаңбыр қабылдау құдықтары тазартылды», - деді Қуаныш Тоқсарин.
Спикердің айтуынша, су тасқыны құбылыстарына уақтылы ден қою мақсатында жеке құрамның 581 адамынан, 505 бірлік техникадан, 131 мотопомпадан тұратын азаматтық қорғау қызметтерінің жалпы тобы құрылды.
Төтенше жағдайлар департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарына қалың қар еріген кезде сақтық шараларын сақтау керектігін ескертеді. Ведомство тез арада үйдің айналасын қардан тазартып, көшенің жол жиегіне қарай шығаруды ұсынады.
Су тасқыны болған жағдайда дереу 109 iKomek қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығына немесе 112 құтқару қызметіне хабарласу керек.