ҚР ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов бизнес өкілдерімен, Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының салалық және аудандық кеңес мүшелерімен кездесіп, жаңа салық реформасын талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесу барысында қатысушылар жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер жайын айтып, оның бизнеске ықпалын саралады.
«BNK Group LTD» ЖШС бас директоры Ниязалы Бейсенбаев Қазақстанда қосылған құн салығының 20%-ға көтерілуінің агроөнеркәсіп кешен өндірушілеріне ықтимал әсеріне тоқталды.
«Мөлшерлеменің өсуі шағын және орта бизнеске қосымша салмақ түсіреді. Сондықтан Үкіметке кейбір басым салалар үшін дифференциалды салық мөлшерлемесін енгізу, табысы төмен кәсіпорындарға уақытша салықтық демалыс беру және көлеңкелі экономикамен күресу шараларын күшейту мәселесін қарастыруды ұсынамыз. Бұл кәсіпкерлер мен тұтынушыларға келетін теріс әсерді азайтуға мүмкіндік береді» Ниязалы Бейсенбаев
Өз кезегінде, ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов қазіргі уақытта аграрлық секторда шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейтінін, ал заңды тұлғалар қолданыстағы жеңілдіктердің арқасында бюджетке төленуге тиісті салықтардың тек 30%-ын ғана төлейтінін атап өтті. Жаңа механизмдер бойынша олардың ешқайсысы ҚҚС төлемейді. Бұл қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін (картоп, қызанақ, пияз және т.б.) бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік береді. 10% мөлшерлеме қолданылатын салалар әлі де бизнес өкілдерімен талқылануда.
«Келесі механизмді қарастыру ұсынылады: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі – 16%, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-дан толық босату, ал кейбір салалар үшін аралық мөлшерлеме көлемі 10%. Осылайша, Үкімет ұсынған мөлшерлемелердің дифференциациясы 16%, 10%, 0% және толық босатуды қамтиды» Бауыржан Құдайбергенов
Кездесу барысында бизнес өкілдері салықтық жүктеменің артуына байланысты алаңдаушылықтарын білдіріп, өз ұсыныстарын жеткізді. Ал Ұлттық экономика министрлігі өкілдері барлық пікір мен ұсыныстардың назарға алынатынын мәлімдеді.