Азия чемпионатының жеңімпаздары Астанада салтанатты түрде қарсы алынды

2112
Фотосурет: Gov

Астана халықаралық әуежайына Бангкок (Таиланд) қаласында өткен мектеп оқушылары арасындағы жүзуден Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері елге оралды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Спортшыларды ата-аналары, достары, жанкүйерлері мен қалалық спорт басқармасына қарасты №4 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің ұжымы зор қошеметпен күтіп алды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бұл беделді додада елордалық спортшылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, үздік нәтижеге қол жеткізді. Азияның ең мықты жас жүзушілері бас қосқан жарыста ел намысын қорғаған астаналық өрендер 5 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль жеңіп алып, Қазақстанның жүзу спортындағы әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

«Бүгін біз мектебіміздің спортшыларын зор мақтанышпен қарсы алып отырмыз. Жүзуден Азия чемпионаты – құрлықтағы ең ірі және беделді жүзу жарыстарының бірі. Олар осы жарыста шеберліктері мен табандылығын көрсетіп, қарсыластарын лайықты жеңді. Бұл – олардың қажырлы еңбегінің және бапкерлердің кәсіби жұмысының жемісі. Әрбір медаль – орасан зор еңбектің нәтижесі, бұл біздің мектебіміз үшін де, жалпы Астана спорты үшін де үлкен жетістік», – деді №4 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің басшысы Ербол Орынбайұлы.

Айта кетейік, елордалық спортшылар арасында ерекше көзге түскен жүзуші – Ханзада Нұрлыбекова. Ол бірнеше қашықтықта үздік нәтиже көрсетіп, жалпы есепте 2-орынға ие болды. Жарыс барысында 259 ұпай жинап, «Үздік спортшы» кубогының иегері атанды.

Айта кетейік, биылғы додаға Азияның 18 елінен 1500-ден астам спортшы қатысып, жас таланттар өзара сынға түсті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -