Болашағы зор стартап жасанды интеллект арқылы Қазақстандағы стоматология индустриясын өзгертуде

Жасанды интеллект негізіндегі стоматологиялық шешімдерді әзірлейтін жетекші стартап Aidentis Қазақстан Стоматологиялық Ассоциациясымен (ҚСА) және Қазақстан студент-стоматологтар қауымдастығы DAS ұйымымен стратегиялық серіктестік орнатқанын жариялады. Бұл әріптестік стоматологиялық тәжірибеге инновациялық технологияларды енгізуді, медициналық білім беруді жетілдіруді және отандық IT-шешімдерді дамытуды көздейді, деп хабарлайды DKnews.kz.

ҚСА – Қазақстан бойынша 19 филиалы бар, стоматология саласындағы әртүрлі деңгейдегі мамандарды біріктіретін ұйым. Aidentis-пен әріптестік заманауи жасанды интеллект технологияларын клиникалық диагностикаға енгізуге және жас мамандарды даярлау мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.

Суретте: Дана Оспанова мен Асылзат Исатай

"Aidentis стартабының әлеуетін біз олардың жасанды интеллект тақырыбындағы дәрісін тыңдаған кезде байқадық. Бұл бағыт – стоматологияның болашағы. Енді біз осы технологияларды клиникаларымызға енгізе отырып, мамандар мен студенттерге дағдыларын дамытып, диагностика сапасын жақсартуға көмектесе аламыз" ҚСА президенті Дана Оспанова

Aidentis стоматологтардың жұмысын оңтайландыру үшін диагностикалық үдерістерді автоматтандыруға арналған шешімдерді әзірлейді. Атап айтқанда, жасанды интеллект көмегімен телерентгенограммаларды (ТРГ) талдау және кескіндерді өңдеу секілді процестер жеңілдетіледі. Бұл технология мамандардың мәліметтерді талдауға жұмсайтын уақытын қысқартып, пациенттерді емдеуге көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді. Әсіресе, тәжірибесін енді бастаған жас стоматологтар үшін бұл құралдар сенімділік беріп, жұмыс сапасын арттырады.

DAS студенттер қауымдастығы университеттік білім беру жүйесінде ТРГ сияқты заманауи цифрлық диагностика әдістерін оқыту әлі де кеңінен қарастырылмағанын атап өтті. Әдетте, бұл дағдыларды стоматологтар университеттен кейін біліктілікті арттыру курстарында меңгереді. Ал Aidentis студенттерге бұл технологияларды оқу кезеңінде-ақ тегін үйренуге мүмкіндік береді.

"Қазіргі таңда ТРГ талдауын қолмен жасау көп уақыт пен күш талап етеді. Aidentis осы үдерісті автоматтандыратын шешімдерді ұсынады. Бұл тек жұмысты жеңілдетіп қана қоймай, студенттерге нақты тәжірибе жинауға көмектеседі және оларды бәсекеге қабілетті маман ретінде дайындайды" DAS қауымдастығының президенті Анель Ажигалиева

Aidentis негізін қалаушысы Асылзат Исатай компанияның технологиялар арқылы стоматологияны дамытуға ұмтылатынын ерекше атап өтті:

"Біз стоматологтар мен студенттерге тәжірибелік жұмыста көмектесетін ғана емес, сонымен қатар ғылыми зерттеулер мен инновацияларды дамытуға негіз болатын шешімдерді әзірлейміз. Біздің мақсатымыз – жасанды интеллектті мамандардың күнделікті жұмысына енгізу" Aidentis негізін қалаушысы Асылзат Исатай

Aidentis серіктестері қатарында медициналық университеттер, кәсіби қауымдастықтар және студенттік ұйымдар бар. Олардың бірлескен жұмысы білім беру, тәжірибе алмасу, технологияларды енгізу, оқу іс-шараларын ұйымдастыру және кәсіби стоматологиялық қауымдастықты дамыту бағыттарын қамтиды.

2024 жылдың соңында стартап бизнес-ангелдерден 200 000 доллар инвестиция тартып, компанияның нарықтық бағасы 3 миллион долларды құрады.

Қазақстан Стоматологиялық Ассоциациясы (ҚСА) – еліміздегі алғашқы кәсіби стоматологиялық қауымдастық. Ол 1991 жылы құрылып, 30 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанда және халықаралық деңгейде стоматологтардың мүдделерін қорғап келеді. 1995 жылдан бері ҚСА – Дүниежүзілік Стоматологтар Федерациясының (FDI) мүшесі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -