Елорда прокуратурасының үйлестіруімен «Заң және тәртіп» шарасын іске асыру аясында полиция және жергілікті атқарушы органдар вандализмге қарсы күрес жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
2024 жылы бөтеннің мүлкін қасақана жою және бүлдіру бойынша 337 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 139-ы қамауға алынды, сол сияқты 198 адамға жалпы сомасы 17,8 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Мәселен, 26 қарашаға қараған түні есірткіге мас күйінде автобус аялдамасының терезесін темірмен ұрып, әдейі сындырған Астана тұрғыны 30 тәулікке қамауға алынды.
Тағы бір жағдайда, 37 жастағы қала тұрғыны 12 маусым күні түс ауа подъездің пластикалық есігін сындырған. Ол 25 тәулікке қамауға алынды.
Осыған ұқсас тағы бір оқиға 16 қазан күні сағат 14:30 шамасында Әуезов көшесінде болды. 50 жастағы қала тұрғыны ЖШС кеңсесінің турникетін қасақана бүлдіріп, 60 мың теңге көлемінде шығын келтірген. Ол 25 тәулікке қамауға алынып, келтірілген шығын өтелді.
Прокуратура елорда тұрғындары мен қонақтарына егер әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін 60 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 30 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қолданылатынын ескертеді.