Алып шаһардағы алғашқы қызмет

2948
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Оңтүстік астанадағы 5571 әскери бөліміне шақырылған 500-ге жуық жауынгер алғаш рет Алматыдағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жауынгерлік қызметке кірісті. Жас сарбаздар үшін маңызды оқиға құрметіне орталық стадионда салтанатты гарнизондық таралым өтті.

Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімінің жас сарбаздармен толыққанына да көп уақыт бола қойған жоқ. Отан алдында адал қызмет атқаруға ант берген жауынгерлер қысқа мерзімді дайындық сабақтарынан соң алғаш рет жауынгерлік қызметке кірісіп отыр.

Көңілге сенім, бойға жігер беретін, еңбегі ерен қызмет өкілі болу оңай емес. Халықтың тыныш ұйқысы үшін кірпік қақпай қырағылықпен ел күзететін сарбаздар бұл жолда үлкен жаттығудан өтеді. Бөлімнің жауынгерлері бір айлық тәжірибеден өтіп, Отан алдындағы борышын өтеуге дайын.

Әскер қатарына шақырылған жас сарбаздар жан-жақты дайындықтан өткен соң, олардың жауынгерлік қызметке алғаш шығуы салтанатты жағдайда өтті. Әдеттегідей сапқа жиналған жеке құрамның алдында бригада командирі полковнк Мақсат Баймағұлов жауынгерлік қызметтің маңызы мен оларға артатын жауапкершілігі туралы айтып өтті.

Салтанатты шараға аталған әскери бөлімнің қызметшілері, бөлім басшылығы, ардагерлер, әскери бөлімнің қызметіне тікелей қатысты өзара бірлесіп қызмет атқаратын Алматы қаласы ішкі істер департаментінің қызметкерлері және «Нархоз» университетіндегі әскери кафедраның оқытушылары мен студенттері қатысты. Жауынгерлік қызметке енгізу сабақтары барысында белсенділік танытып, топ жарған жауынгерлерге сыйлықтар табысталды, әскери ардагерлер алдағы қызметтеріне табыстар тіледі.

- Білім – адамның барлық қасиетінің маңызды алғышарты. Оқу, әскери шеберлікті қалыптастыру, жауынгерлік қызметке дайындалу, оның қыр-сырын жете ұғыну жауынгерлік қызметтеріңіздің жемісі. Сіздердің де алдағы уақытта міндеттеріңізді абыроймен атқарып, ерлік танытуларыңызға тілектеспін! Ол үшін сіздердің физикалық, моральдық-психологиялық дайындықтарыңыз жоғары болуы керек, - деді өз сөзінде ардагер Берік Алмағанбетов.

5571 әскери бөлімінің негізгі міндетіне Алматы қаласындағы қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету кіреді. Сонымен қатар, қала аумағында өтетін мәдени-көпшілік іс-шаралардағы тәртіптік ахуалға да осы бөлім сарбаздары жауапты. Офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілерді қосқанда 650-ге жуық әскери қызметші күн сайын мегаполистің сегіз ауданында қызмет етуге шығады.

Жауынгерлердің мойнына артылатын осындай зор жауапкершілік турасында Алматы қаласының полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің басқарма бастығы полиция полковнигі Серік Шумаев та өз ойын білдірді.

- Ұлттық ұлан қатарында, оның ішінде оңтүстік астанада қызмет ету – барлығына үлкен абырой және жауапкершілік. Қазақстан Республикасы ІІМ құқықтық тәртіп әскерінің жауынгерлері қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлкен үлес қосуда. Бүгінгі күн, осы салтанатты шара сіздердің әскери қызметтегі ғана емес, жеке өмірлеріңіздегі ерекше оқиға болады деп сенемін. Өйткені, бүгіннен бастап сіздер жауапты іске кіріскелі отырсыздар. Сіздер де қолбасшылықтың, ауылда күтіп отырған ата-аналарыңыздың сенімдерін ақтап, артылған міндетті мүлтіксіз атқарыңыздар, - деген тілегін жеткізді.

Қоғамдық тәртіптің сақталуы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі патрульдік қызмет қала полицейлерімен иық тіресе атқарылатын жұмыс екені белгілі. Осы орайда жауынгерлік қызметке кіріскелі тұрған жас жауынгерлер атынан 2 жедел мақсаттағы батальонның сарбазы қатардағы Арман Төлегенов сөз алып, Алматыдай үлкен мегаполисте қоғамдық тәртіптің сақшысы болуды абыроймен атқарып, командирлер мен бастықтардың сенімін ақтауға уәде берді.

- Бүгін менің өмірімдегі өте қуанышты әрі жауапты күн. Біз алғаш рет жауынгерлік қызметке шыққалы тұрмыз. Жас сарбаздар осы күнге дейін теориялық және тәжірибелік тұрғыдан алған білімдерін іс жүзінде көрсетулері керек. «Жауынгерлік жанұядай ұйысқан, Ұлттық ұлан – елі мен халқына қорған!» деген ұранмен Алматы қаласының аудандарындағы қоғамдық тәртіпті қадағалау мақсатында қызметке шықпақпыз. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмас, тәртіпке бағынған құл болмас»  деген сөздеріне сүйенер болсақ, бізге ең алдымен керегі – темірдей тәртіп, қырандай қырағылық және жалындаған жауынгерлік рух деп ойлаймын. Осы айтылған үш қасиетті сақтай отырып, қызмет атқарар болсақ, қала тыныштығы тұрақты болады деп сеніммен айтар едім, - дейді жас жауынгер.

Аз уақытта бой түзеп, сапқа тұрған жас сарбаздардың көзінен өзіне артылған жауапкершілікті жан-тәнімен сезінгенін, әскери антына адал екенін байқауға болады.

«Қайратыңа – әдісіңді жолдас ет, әдісіңе – ақылыңды жолдас ет» деген екен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы. Осы пәлсапаны әскери өміріне мақсат қылып қойған жауынгерлер еліне қызмет етуге, борышын адал өтеуге сақадай сай.

Подполковник Бақыт Әліпбаев, Алматы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -