Әдемі қала һәм әскери жасақ

2552
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы

Қаймағы бұзылмаған Көкшетаудың берекесін сақтауға Ұлттық ұлан әскері ұдайы атсалысып жүр. Бірақ олардың нәтижелі жұмысын жұрттың бір бөлігі білсе, енді бір бөлігі мүлде білмейді. Біз бұған қала көшелерін аралау барысында көз жеткіздік.

Көрікті шаһарды құқықтық тәртіп әскерінің 6655 әскери бөлімі күзетеді. Олар – осы бір қаланың тыныштығына жауапты. Аталған әскери бөлімге жыл сайын келетін сарбаздарды жауынгерлік қызметтің екі түрі күтеді. Оның бірі – түзеу мекемелерін қарауылдау, ал екіншісі – қоғамдық тәртіпті бақылау. Әлбетте, оларға бұдан өзге де бірнеше міндет жүктелген. Алайда қамтылуы мен орындалу барысын ескергенде ең ауқымдылары осылар. Әсіресе, қала көшелерін патрульдеуге шығатын әскери жасақтың ауыз толтырып айтарлық жетістіктері көп. Мәселен, биылғы ақпанның алғашқы күні Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау взводының командирі лейтенант Еркен Халиолин бір тәулікке жуық өз пәтерінің еденінде қозғалыссыз жатқан қарияны құтқарып қалды.

Сенбі күні әскери бөлімнің әскери жасағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында өздеріне тапсырылған аумақты тексеріп жүрді. Сағат 19:00 шамасында әскери жасақ бастығы қатардағы Рустем Жабайұлы мен қатардағы патрульдеушілер Әділет Мадияр және Валерий Черевикке азамат Нұрбол Кабдинов көмек сұрап келген. Ер адам маңайдағы тұрғын үйде егде жастағы апасының тұратынын және оның телефонға жауап бере алмай жатқанын, әрі есік ашпағанына алаңдаушылық білдірген.

- Мен Щучинск қаласында тұрамын. 1 ақпан күні таңертеңнен бастап Көкшетауда жалғыз тұратын 73  жастағы апамызбен хабарласа алмадық. Туған-туыс, балаларына кетпегенін білген соң үйіне іздеп келсем, есік ашпайды. Бірден ТЖМ өкілдерін және Жедел жәрдем қызметін шақырттым. Алайда олар келгенін күтпей сыртқа шығып, терезесін тексергім келді. Осы сәтте үйдің маңайынан Ұлттық ұлан сарбаздарын көріп, көмек сұрадым, - деді Нұрбол Кабдинов.

Ер адамның өтінішін естіген сарбаздар бірден әскери жасақ бойынша кезекшіге хабарласқан. Оқиға орнына жедел жеткен әскери жасақ бойынша кезекші лейтенант Еркен Халиолин бірінші қабаттағы пәтер иесінің рұқсатымен терезе арқылы өрмелеп, екінші қабаттағы қарияның пәтеріне көтерілген. Балконның есігі арқылы ішке енген ұландық офицер дәліздің еденінде жатқан қартты байқайды. Сондай-ақ іштен жабылған есікті ашып, зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсеткен.

- Балкон арқылы ішке енгенімде бөлме іші қараңғы болып тұрды. Келесі бөлмеге қарай жақындаған сәтте дәлізде құлап жатқан қарияны көрдім. Көзі жасаурап кетіпті. Қария сұрағыма жауап бере алмады. Бірден алғашқы көмек көрсеттім. Содан кейін оны жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырдық, - деді лейтенант Еркен Халиолин.

Белгілі болғандай қария түнде басы айналып, жерге құлаған. Салдарынан жамбасы мен иығы сынған.

Лейтенант Еркен Халиолин 2010 жылы Ұлттық ұлан қатарына шақырылған. Қызметін күзет бекетінің бастығы лауазымынан бастаған. Уақыт өте келе бөлімше командирі, взвод сержанты, взвод командирі лауазымдарын атқарған. Ал алғашқы «лейтенант» шенін 2025 жылы 1 ақпанда иеленген. Бір қызығы, ол дәл осы күні батыл әрекетімен көзге түскен. Оның әскери жасақ қызметін атқару бойынша тәжірибесі өте мол. Қызмет барысында басынан кешкен түрлі оқиғалары да жетіп артылады.

- Бірнеше жыл бұрын кешкі уақытта әскери жасақты тексеріп болған сәтімде бір әйел танысының мәселесін айтып, көмекке шақырды. Әйелдің соңынан еріп, қуыстан өткенде соққыға жығылған ер адамның жердежатқанын байқадым. Жанына келіп, жағдайына үңіліп жатқан кезімде әлгі әйел телефонын шығарып, «Мына әскерилер ер адамды ұрып-соқты, дымын қалдырмады» деген сыңайда сөздер айтып, видеоға түсіре бастады. Бұл мен үшін күтпеген жайт еді. Ол кезде видео-регистрация берілмеген жылдар болатын. Бірақ «сақтықта қорлық жоқ» деген ұстанымдағы адам ретінде төс қалтама телефонымның камерасын қосып салып алған едім. Бұл әрекетім мұндай жақсы болар ма?! Соны көрсеткеннен кейін әлгі әйелдің ауызына құм құйылды», - деп еске алды лейтенант өткен күндер естелігін.

Иә, қоғамда түрлі адамдар мен алуан пікір бар. Десе де олардың көбі Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қызметі мен пайдасын жоғары бағалайды. Ұлттық ұлан «үштігі» жүрген кезде өздерін қауіпсіз сезінеді. Бұл туралы Көкшетау көшелерінде кезіккен әрбір екінші адам айтып берді.

- Бала өсіріп отырғаннан кейін олардың бірін балабақшаға, екіншісін мектепке апарамыз. Оларды далада ойнатып, ойын-сауық орталықтарына да барамыз. Базар іздеп, дүкен де аралайтынымыз анық. Тәубә, қаламыз тыныш. Десе де, мінекей, осындай кездері Ұлттық ұланның сарбаздарын көріп өзімді одан сайын қауіпсіз сезінемін. Әсіресе, балаларым үшін қуанамын. Өйткені, бәле-жала аяқ асты келеді. Одан ешкім сақтандырылмаған. Соған қарамастан сарбаздардың қала тұрғындарына көмек қолын созып, қауіпті жағдайда құтқарған оқиғаларын жиі естимін, - деді Анар Қуанышқызы есімді қала тұрғыны.

Тұрғындар айтқан сөздің жаны бар. Расымен көшеде әскери жасақ жүрсе көпе-көрнеу жасалатын қылмыс та, құқықбұзушылық та азаяды. Мұндай жағдайда вандализм мүлде болмайды. Өйткені, олар құқықтық тәртіп әскерінің сесінен қорқады, қитұрқы әрекет жасауға жасқанады. Міне, осындай міндет арқалаған жігіттерді де сөзге тартып көрген едік.

5510 әскери бөліміне былтырғы шілде айында келген Тараз қаласының тумасы қатардағы Мұстафа Дүйсенәлі де жауынгерлік қызмет барысындағы оқиғалардан сыр шертті.

- Биылғы 22 қаңтарда қатардағы Мақсат Құдайбердиев пен Аңзихан Өркен үшеуіміз 993-бағытқа шықтық. Кенет 992-бағытқа жедел жәрдем көлігі келіп тоқтады. Өздігінен жүре алмайтын науқасты ем-домнан кейін үйіне әкелсе керек. Бірақ оны үшінші қабаттағы пәтеріне кіргізуге көмек қажет екен. Сондықтан бізге өтініш айтты. Ал біз әскери жасақ бойынша топ бастығына жағдайды баяндап, рұқсат алдық. Содан кейін мүгедектігі бар кісіні пәтеріне дейін көтеріп апардық, - деді қатардағы Мұстафа Дүйсенәлі.

Бұрынғыдай емес, бүгінде Мұстафа әскерге келіп біршама өзгергенін мойындады. Мәселен, ол әжесінің қолында өскендіктен ата-анасын тыңдамай, туған-туысқандарына да еркелікпен аса бір құрмет көрсете қоймаған көрінеді.

- Азаматтық ортада жүргенде әке-шешеме «сен» деп сөйлейтінмін. «Анашым» деген асыл сөзді айтуды да қиынсыңған сияқтымын. Осы жерге келгелі сол қылықтарымды ойлап, өзімнен өзім біразға дейін ұялып жүрдім. Қанша жерден ата-әжеңнің қолында өскеніңмен өз ата-анаңа деген сағыныш кеудені жарып шықпай қоймайды екен. Отанды қорғауға келіп, отбасы құндылығын ұғынғандай болдым. Ең бастысы – жақындарымның қадірін түсіндім. Бәлкім, осыны түсіну үшін де армияға келген болармын. Нәтиже де жаман емес, - деді сырын ақтарған сарбаз.

Ой-өрісі өзгеше ұландық сарбаз әр сұраққа нақты әрі жан-жақты жауап бере алады. Бұл халық арасында қызмет атқаратын әр жауынгер үшін аса қажет қасиеттердің бірі. Біз одан кімді үлгі тұрып, кімге еліктейтінін сұраған едік. Ал ол ешкімге еліктемейтінін және ешкімді қайталамайтынын айтты. Әдетте, сарбаздар батыр бабаларын айтып, даңқы мен дақпыртына қанық екенін тілге тиек етуші еді. Бұл жолғы кейіпкерлеріміз өзгеше болып шықты.

Біз бүгінгі мақалада Көкшетау қаласының қауіпсіздігін қорыған әскери жасақ қызметі жайында баяндадық. Бір қаланы мысалға алғанымызбен бұл барлық қаладағы Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қырағы әрі адал қызметінің көрінісі бола алады.

Қатардағы Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ, Көкшетау – Астана – Көшкетау

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -