Қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
19 ақпан күні таңертең қар тазалау жұмысына 2 557 жол жұмысшысы және 1 282 бірлік арнайы техника шықты, деп хабарлайды DKnews.kz.
19 ақпанға қараған түні елордадан қар полигондарына 24 858 текше метр қар 1 929 рейспен шығарылды.
Қыс мезгілінің басынан бастап қаладан 487 388 ауыр жүк рейсімен 6 025 262 текше метр қар шығарылды.
Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.
Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.
Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз.