Алматыда кітап графикасы көрмесі өтуде

2530
Фотосурет: Gov

Алматыда «Қазақстанның кітап графикасындағы ұлттық эпос» атты көрме ашылды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің 90 жылдығына орай, «Қазақстанның кітап графикасындағы ұлттық эпос» көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Бұл маңызды мәдени іс-шара көрерменді көрнекті суретшілердің графикалық туындылары арқылы қазақ эпосы әлеміне терең бойлауға шақырады.

Көрме Қазақстанның ұлттық әдеби және көркемсурет мұрасының маңызын көрсетуге, суретшілердің жаңа буынын тәрбиелеуге және көпшілікті қазақ халқының мәдени құндылықтарымен таныстыруға бағытталған.

Көрмеде 90-ға жуық графикалық жұмыс пен ұлттық эпостың қазыналарын сақтайтын сирек басылымдар ұсынылды. Келушілер классикалық офорттан бастап, түпнұсқа графикаға дейінгі түрлі көркемдік техникамен жасалған батырлардың, арулар мен даналардың және мифологиялық кейіпкерлердің бейнелерін тамашалады. Әр шығарма ұлттық аңыздардағы ерекше оқиғалар мен ондағы кейіпкерлердің образын ашып, суретшілерді әдеби туындыны терең түсінуге шабыттандырады.

Көрмедегі ерекше жұмыстардың қатарында «Қобыланды батыр»,«Қазақ халқының эпостық жырларына иллюстрациялар», «Алпамыс батыр», «Бозжігіт», «Айман-Шолпан» және т.б. жырларға арналған графикалық парақтар мен иллюстрациялар бар. Олар жұмыстарында кейіпкерлердің эмоциясын әсерлі жеткізіп, шығармаларға мерекелік көңіл-күймен қатар ұстамдылық пен мағыналылық мазмұн берген.

Жоғарыда аталған және өзге де көптеген графикалық туындылар ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, қазақ халқының мәдени коды мен рухани құндылықтары сақталған эпостарға жаңа көзқараспен қарауға ықпал етеді.

«Қазақстанның кітап графикасындағы ұлттық эпос» көрмесі келушілерге қазақстандық суретшілердің шеберлігін көрсетіп қана қоймай, ұлттық аңыздардағы ғашықтық, даналық, батырлық ұштасқан бай мәдени мұраны тамашалауға мүмкіндік береді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -