Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында инфрақұрылымды дамыту - бұл мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Осы міндетті іске асыру аясында Жамбыл облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, 2024 жылы 16,5 шақырым жол салынып, 1 көпірдің құрылысы жүргізілді. 3 шақырым жол қайта жаңғыртылып, 690,4 шақырым жол орта жөндеумен қамтылды.
Жол - экономиканың күретамыры. Биыл өңірдегі жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 23,6 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржыға 146 жол жөндеу жобасы жүзеге асырылады.
Атап айтқанда, 17,7 шақырым жаңа жол салынады, 8 шақырым жол қайта жаңғыртылады, 391,4 шақырым жол орта жөндеуден өтеді.
Жол қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында бөлінген қаржының 3,4 млрд. теңгесі жергілікті жолдар мен елді мекен көшелерін ағымдағы жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстарына бағытталады.
Биылғы жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 99,5 пайызға (2024 ж. - 99%), елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 89 пайызға (2024 ж. - 87%) жеткізу межеленіп отыр.