5517 әскери бөліміне – 30 жыл

2574
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығы

20 ақпан күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5517 әскери бөлімі өзінің құрылғанына 30 жыл толуын салтанатты түрде атап өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Ұлттық ұланның Орал қаласында орналасқан бұл әскери бөлімі құрылған күнінен бастап өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен орындап, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп келеді. Мерейтойға орай әскери бөлім аумағында сарбаздарға арналған мерекелік дастархан жайылды.

Жылы әрі достық атмосферада сарбаздар дәмді тағамдардан дәм татып, олардың қиын әрі жауапты қызметіне деген құрмет пен қамқорлықты сезінді. Бұл шара – олардың Отан алдындағы адалдығы мен елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға дайындығына көрсетілген алғыстың белгісі. Мерекелік шаралар Облыстық шығармашылық орталығында өткен салтанатты концертпен жалғасты.

Концерттік бағдарламада әскери бөлім командирі, подполковник Өміржан Сахатов құттықтау сөз сөйлеп, әскери қызметшілерді атаулы күнмен құттықтады: — Бүгін біздің бөлім үшін ерекше күн – әскери бөлімнің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде біз көптеген қиындықтарды еңсеріп, үлкен жетістіктерге жеттік. Сіздердің еңбектеріңіз, тәртіптеріңіз бен адалдықтарыңыздың арқасында 5517 әскери бөлімі ерлік пен абыройдың үлгісіне айналды. Жолдастық рух пен жауынгерлік бауырластық әрдайым бізбен бірге болсын. Баршаңызға мықты денсаулық, қызметте табыс тілеймін! Мерекелік шара барысында құқық қорғау органдары мен өзара әрекеттесетін құрылымдардың басшылары да құттықтау сөз сөйлеп, бөлім командиріне естелік сыйлықтар табыстады.

Сонымен қатар, өз қызметінде ерекше көзге түскен бірқатар әскери қызметшілер “Ұлттық ұлан қызметінің үздігі” кеуде белгісімен, алғыс хаттармен және құрмет грамоталарымен марапатталды. Шара барысында 5517 әскери бөлімінің алғашқы командирі, запастағы подполковник Юрченко Сергей Николаевич та сөз алып, бөлімнің қалыптасу кезеңіндегі естеліктерімен бөлісті: — 1995 жылы біз бұл бөлімді құрғанда, көптеген қиындықтарға тап болдық. Ол кезең оңай болған жоқ, әрбір қадамды мұқият ойластыру қажет еді. Бізге құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жауапкершілігі жүктелгенін түсіндік және бұл міндетті орындауға әрдайым дайын болдық. Бүгін сіздер біздің қалыптасу кезеңінде негізі қаланған дәстүрлерді жалғастырып, бөлімнің болашақтағы табысы мен тұрақтылығын қамтамасыз етесіздер деп сенемін, — деді ол. 5517 әскери бөлімінің тарихы – ерлік, қайсарлық және патриотизмге толы. 30 жыл ішінде бұл бөлімнен бейбітшілік пен қауіпсіздікті қорғауға әрдайым дайын мыңдаған сарбаз шыңдалып шықты. Олар өздерінен бұрынғы буын өкілдерінің үлгілі дәстүрлерін жалғастырып, әскери борышына адалдық танытуда.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -