21 ақпанда шахматтан «Senat Open 2025» II ашық Кубогы басталды. Іс-шараға 3 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде. Турнир бүкіл елімізді қамтиды. Оны ҚР Парламент Сенатының қолдауымен KazChess/ҚШФ ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды DKnews.kz.
Екінші жыл қатарынан өтіп жатқан турнирге мемлекеттік қызметкерлер, ардагерлер, мәслихат және Парламент депутаттары, қоғамдық кеңестердің мүшелері және журналистер қатысуда. Оның негізгі мақсаты – елімізде бұқаралық шахмат қозғалысын одан әрі дамыту.
«Бұл турнир еліміздің шахмат өміріндегі ең ауқымды іс-шаралардың бірі болып саналады, ал кең географиясы мен қатысушыларының сапалық құрамы оның ең жоғары мәртебесін қуаттап отыр. Турнирді ұйымдастыру Қазақстан шахмат федерациясының және ел Парламенті Сенатының бірлескен күш-жігерінің арқасында мүмкін болды. Және, әрине, Палата спикері Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевтың өзі араласып, қолдау көрсеткені өте маңызды» Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов
Атақ үшін сайыс үш кезеңге бөлінеді:
- Іріктеу турнирлері 21 ақпаннан 18 мамырға дейін барлық аймақтарда өтеді;
- Жартылай финалдар 15 маусымнан 9 тамызға дейін бес макроаймақ: Солтүстік, Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыста өтеді;
- Финал 29 тамызда Астанада өтеді деп жоспарланған.
Ойын швейцариялық жүйе бойынша 9 турмен өтеді. Уақыт бақылау нұсқасы – 10+5 (партияға 10 минут + әр жасалған жүріс үшін 5 секунд). Іріктеу турнирлерінің нәтижесі бойынша 35 үздік ойыншы жартылай финалға, одан кейін финалға өтеді.
Бірінші іріктеу кезеңі 21 ақпанда Түркістан қаласында өтеді. Турнир 18 мамырда Өскеменде аяқталады. Жартылай финалдар 15 маусымда Көкшетауда басталып, одан әрі эстафетаны Семей, Түркістан, Орал және Талдықорған қалалары жалғастырады.
Іріктеу турнирлерінің жеңімпаздарына медаль мен дипломдар табыс етіледі. Жартылай финалдардың үздік ойыншылары елордада өтетін финалға шығады. Чемпиондар тиісті атағын алады және командалық біріншілікке қатысу мүмкіндігіне ие болады. Жалпы команданың жетістігі үздік үш ойыншы жеңіп алған орындардың ең аз қосындысы бойынша анықталады.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы 31 тамызда Астанада бес жартылай финал жеңімпаздарының, сондай-ақ Сенат депутаттары мен республикалық БАҚ журналистерінің қатысуымен Сенаттың 1-ші Ашық Кубогының финалы өтті. Оған барлығы 130 шахматшы қатысты. Үлкен өтпелі кубоктың иесі болып Астана командасы атанды. Оның құрамында Қайрат Құрманғалиев, Құнанбай Сағынаев және Рүстем Омаров бар.