Қорғаныс министрлігінде үздік шаңғышылар анықталды

1716
Фотосурет: Gov

Астананың орталық саябағында XV Спартакиада аясында Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың және Қарулы Күштердің құрылымдық бөлімшелері арасында шаңғы спортынан командалық чемпионат өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жаппай эстафеталық жарысқа 33 команда қатысты. Олардың әрқайсысының құрамында үш ер адам мен бір әйел болды. Сонымен қатар ерлер 2,5 шақырым, әйелдер – бір шақырым жүгірді.

Жарыс екі топ бойынша өтті. Бірінші орынды Әскери өкілдіктер орталығының командасы жеңіп алса, күміс жүлдені Метрологиялық қамтамасыз ету және стандарттау орталығының құрамасы еншіледі. Қоланы Жауынгерлік даярлық департаменті олжалады. 

Екінші топта Тыл бастығы басқармасының құрамасы жеңіске жетті, екінші орынды – Әскери полиция бас басқармасының командасы, үшінші орынды – Қару-жарақ бастығы басқармасының шаңғышылары еншіледі. 

Әйелдері арасындағы жеке жарыста бірінші топта Метрологиялық қамтамасыз ету және стандарттау орталығының атынан қатысқан аға лейтенант Әсем Боқаева мәреге бірінші жетті. Екінші көрсеткіш – Зейнетақымен қамсыздандыру орталығынан шыққан 3-сыныпты сержант Алтынай Смағұловада, үшінші нәтиже – Жедел даярлық департаментінің намысын қорғаған майор Алена Ақымбекова еншісінде. 

Ерлер арасында алтын жүлдені Әскери өкілдіктер орталығының өкілі полковник Сергей Прохоров жеңіп алды. Күміс жүлде оның әріптесі майор Сергей Лободаға бұйырды, қола – Метрологиялық қамтамасыз ету және стандарттау орталығының құрамасының атынан шыққан полковник Дархан Ахановтың қоржынында.  

Екінші топтағы әйелдер арасында жеке есепте Қару-жарақ бастығы басқармасының өкілі подполковник Ұлпан Талап үздік деп танылды. Тұғырдың екінші сатысын Тыл бастығы басқармасынан Қарулы күштердің қызметшісі Елена Ерастова, үшінші сатысын Әскери полиция бас басқармасының өкілі аға лейтенант Гүлжан Нүсіпова иеленді. 

Осы санаттағы ер адамдар ішінде үздік уақыт көрсеткішімен Тыл бастығы басқармасының офицері подполковник Евгений Ерастов мәреге бірінші келді. Екінші орында – ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің өкілі майор Мақсат Жұмағазин, үшінші орында – Тыл бастығы басқармасынан шыққан сержант Дамир Құнанбаев.

Командалық және жеке есепте чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен, медальдармен және грамоталармен марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Бас штаб бастығының бірінші орынбасары генерал-майор Асан Жүсіпов құттықтады.

Шаңғы жарысына қатысқандар және жанкүйерлер үшін шатырлар мен тамақтану орындары орнатылып, онда олар сарбаз ботқасынан дәм татып, шәй ішіп жылынғанын айта кету керек. 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -