Президент Сауд Арабиясы Корольдігіне құттықтау жеделхаттарын жолдады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қос киенің сақшысы, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудты және осы елдің Тақ мұрагері, Премьер-министрі ханзада Мұхаммед бен Салманды Корольдіктің негізі қаланған күнмен құттықтады.
Мемлекет басшысы жеделхаттарда халықаралық қауымдастық Сауд Арабиясын экономикасы қарқынды дамыған, іргесі берік, беделді мемлекет ретінде танитынын жазған. Сондай-ақ Корольдік Қазақстанның ислам және араб әлеміндегі сенімді әрі маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы мазмұнды саяси диалогқа негізделген ынтымақтастық алдағы уақытта да сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамуына серпін беретініне сенім білдірді.
Қазақстан Президенті Сауд Арабиясының Королі мен Тақ мұрагерінің жауапты қызметтеріне толағай табыс, халқына құт-береке тіледі.