Ұландықтар 101 жастағы соғыс ардагерінің жүрегін елжіретті

1837
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Құрмет қарауыл ротасы бастаған ұландық сарбаздар ардагер тұратын үйдің алдынан шеру жасап өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Аулада сап түзеген ІІМ Ұлттық ұланының үлгілі-көрсетімділік оркестрі мен әскери қызметшілері соғыс жылдарындағы әуендерді орындап, қарияны өнерімен тамсандырды.

5573 елордалық бригадасының командирі Аян Есжанов соғыс ардагерін Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтың атынан Жеңіс мерекесімен құттықтап, жылы лебізін арнады.

Рзағұл Байкешев құқықтық тәртіп әскері көрсеткен құрметке ризашылығын білдірді.

«Біз ашаршылықты да, жоқшылықты да, қуғын-сүргінді де көрдік. Фин соғысы жайында естіп өстік. Ал Ұлы Отан соғысы өзіміздің басымыздан өтті. Сондықтан көпті көрдік деп айта аламын. Бірақ біздің көргенімізді бүгінгі ұрпақ көрмесе екен деп тілеймін. Елеп-ескеріп келгендеріңізге көп-көп рахмет» Рзағұл Байкешев

Р. Байкешев 1923 жылдың 18 қарашасында Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында өмірге келген. 17 жасында Қарулы Күштер қатарына қосылған. Ол Ресейдің Калинин облысында, Рыжов және Великий Луг қалалары маңындағы шайқастарға қатысты. Польша, Румыния, Венгрия елдерін азат етуге атсалысты. Ұрыс даласында жүріп ефрейтор шенін иеленді. Ол ерлігі мен батырлығы үшін І және ІІ  дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және «Маршал Г. К. Жуков» атындағы медальмен марапатталған.

Еске салайық, Ұлттық ұланда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясы жалғасып жатыр. Оның аясында әскери бөлімдерде патриоттық және ерлік сабақтарын, ардагерлермен кездесу ұйымдастыру жоспарланған. Сондай-ақ қоғамдық орындарда музыкалық іс-шаралар мен Жеңіс шеруіне дайындық өткізілуде.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -