Павлодарда әскери қызметшілер соғыс ардагерін туған күнімен құттықтады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Майдангер Василий Иванович Григораштың 99 жасқа толған күнімен құттықтауға Павлодар облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері келді.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы майор Бекзат Оразов майдангерге табандылығы, батылдығы және Жеңіске қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.
"Сіз адам айтқысыз қиындықтарды бастан өткердіңіз, қарсы тұрдыңыз және жеңдіңіз. Сіздің буын соғыс жылдары жасаған ерлік әлемдік тарих шежіресінде жазылған. Біздің бейбіт болашағымыз үшін жасаған барлық істеріңіз үшін рахмет" Майор Бекзат Оразов
Майдандағы ерлігі мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін департамент басшысы Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың атынан алғыс хат табыс етті.
Василий Григораш 1926 жылы 21 ақпанда Алтай өлкесінің Гурлинка ауылында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін 17 жасында жас жауынгер қызыл әскер қатарына қызмет етуге кетті. Аға сержант Василий Григораш Байкал әскери округі 293-ші дивизиясының құрамында соғысып, бөлім командирі болды.
Василий Григораш II дәрежелі Отан соғысы орденімен, "Жапонияны жеңгені үшін" медалімен және басқа да мерейтойлық наградалармен марапатталған.