Ұландық ардагерлер жас сарбаздарға жол көрсетті

1364
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Тараз қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөлімінде жас сарбаздарды жауынгерлік қызметке дайындау мақсатында тәжірибелік сабақтар өткізілуде, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бұл сабақтар жас сарбаздарға әскери міндеттерді орындаудың қыр-сырын меңгеруге, тәртіпті нығайтуға және өздеріне жүктелген жауапкершілікті сезінуге көмектеседі.

Бұл іс-шараға әскери бөлімнің Ардагерлер кеңесінің белсенді мүшелері де қатысып, жас сарбаздармен бірге қызметке шығып, өздерінің жылдар бойы жинақтаған тәжірибелерімен бөлісті. Ардагерлер жауынгерлік дайындықтың маңыздылығын, әскери тәртіп пен жолдастықтың кәсіби қалыптасуда басты рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ, өздерінің өткен қызмет жолындағы естеліктерімен бөлісті. Олар әрбір сарбаздың әскери борышын абыроймен орындауына тілек білдірді.

Бұл сабақтар сарбаздардың жауынгерлік рухын көтеріп, өздеріне деген сенімділігін арттыруға ықпал етеді. Ардагерлермен өткен тәжірибелік жұмыс жас жауынгерлерге әскери қызметтің маңызын тереңірек ұғынуға, жауапкершілікті сезінуге мүмкіндік береді.

- Тәжірибелік сабақтар барысында жас сарбаздар әскери қызметтің негізгі қағидаларын меңгереді, жауынгерлік дайындықтың маңызды аспектілерімен танысады, әскери тактика мен тәртіпті жетілдіру бойынша нақты нұсқаулықтар алады. Біз осы жолы жас сарбаздарды жауынгерлік қызметке дайындау іс-шарасына әскери бөлімнің ардагерлерін тарту әдісін қолға алдық. Тәжірибесі мол мамандардың маңызды кеңестері жас сардарлар мен сарбаздарға пайдалы болатынына сенімдіміз, – дейді әскери бөлімнің командирі полковник Ғазиз Кәдірбек.

5513 әскери бөлімінде өтіп жатқан тәжірибелік сабақтар – тек жауынгерлік дайындықты арттыру ғана емес, сонымен қатар ұрпақтар сабақтастығының дәлелі. Жас сарбаздар ардагерлерден алған құнды білімдері мен тәжірибелерін өздерінің әскери қызметінде қолданатын болады.

Осылайша, Ұлттық ұлан сарбаздары ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғаудағы жоғары жауапкершілігін сезініп, өз міндеттерін адал орындауға қадам басуда. Тәжірибелік сабақтар алдағы уақытта да жалғасын тауып, әскери бөлімде жауынгерлік дайындық деңгейін одан әрі арттыруға септігін тигізбек.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -