Қазақ спортшыларының жарқын жеңістері, деп хабарлайды DKnews.kz.
Мәнерлеп сырғанау: Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өткен төрт құрлық чемпионатында Михаил Шайдоров топ жарды. Отандасымыз қоссайыста 285.10 ұпай жинады. Осыдан дәл 10 жыл бұрын марқұм Денис Тен де Сеул төрінде чемпион атанған еді.
Спорттық гимнастика: Германияның Котбус қаласында мәресіне жеткен Әлем кубогінің бірінші кезеңінде Милад Карими алтын медаль жеңіп алды. Еркін жаттығудың финалында ол 14.133 ұпай жинады.
Конькимен жүгіру: Польшаның Томашув-Мазовецк қаласындағы Әлем кубогі кезеңінде Евгений Кошкин 500 метр қашықтықта үздік шықты. Қазақстан ең кейінгі рет Әлем кубогі кезеңінде алтынды 2011 жылы командалық спринтте жеңіп алған еді. Сондай-ақ Қазақстан әйелдер құрамасы командалық сында үшінші орын алды.
Нысана көздеу: Таиландтағы Азия кубогінде ұлттық құрама спортшылары 12 алтын, 9 күміс, 4 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 1-орынды иеленді.
Садақ ату: Таиландтағы Азия кубогі кезеңінде Ұлттық құрама спортшылары үш күміс медаль олжалады.
Дзюдо: Польша астанасы Варшавадағы Еуропа кубогінде спортшыларымыз 1 алтын, 1 күміс медаль жеңіп алды. Ерлер арасындағы 60 кг дейінгі салмақтың финалында екі отандасымыз Шерзод Давлатов пен Бақытжан Аманның жолы түйісіп, Шерзодтың мерейі үстем болды.
Каратэ: Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджайра қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы А сериясы жарысында Қазақстан командасы 8 жүлде жеңіп алды. Фуджейрадағы дәстүрлі жарыс бүгін аяқталады.
Батуттағы гимнастика: Қазақстан құрамасы Әзербайжанның Баку қаласында өткен Әлем кубогі кезеңінде күміс медаль еншіледі.