Детектив кейіпкерінің прототипі болған майдангер

1386
Фотосурет: ҚР ҰҰ «Оңтүстік» ӨңҚ баспасөз қызметі

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өткізіліп жатқан «Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясы аясында Алматы облысы Өтеген батыр ауылында тұратын 101 жастағы қарт майдангер Тәңірберген Толғанбаев ақсақалға Ұлттық ұланның 3660 әскери бөлімінің әскери қызметшілері арнайы барып қайтты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Тәңірберген Толғанбаев 1923 жылы 1 мамырда Алматы облысы, Ақсу ауданы, Ақсу ауылында дүниеге келген. Оның балалық шағы аумалы-төкпелі ауыр заманға тұспа-тұс келді. Әкесінің өмірден ерте озуы, Кеңес өкіметінің   ұжымдастыру кезеңі, колхоздардың құрылуы сынды жылдарды басынан өткерді.

Ол 1942 жылдың мамырында Талдықорған облысы Ақсу ауданының әскери комиссариаты арқылы Кеңес армиясы қатарына шақырылды.

1942 жылдың мамырынан 1944 жылдың сәуіріне дейін Ереван № 40 шекара отрядында болған, ал 1944 жылдан 1949 жылға дейін Армавир № 25 шекара отрядында (Армян КСР, Харкну ауылы маңындағы №10 шекара заставасы) әскери қызметте болған.

Тәңірберген ата соғыстан кейін өмірінің көп бөлігін құқық қорғау саласына арнап, елдің тыныштығы үшін қызмет еткен.1949 жылы Тәңірберген Толғанбаев туған жері Ақсу ауданына оралып, 1949–1951 жылдары Ақсу аудандық халық сотында хатшы болып жұмыс істеді. 1951 жылдан бастап тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарында қызмет етті. 1964–1975 жылдары Алматы облысы Жамбыл ауданының ішкі істер бөлімінің бастығы қызметін атқарды. 1969 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдады. 1975–1978 жылдары Алматы облысы Іле ауданының прокуратурасында жұмыс істеді.

Жазушы Кемел Тоқаев құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызметі, ауыр қылмыстарды ашу, аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау туралы тұңғыш қазақша детектив жазған жазушы екенін білеміз. Жазушы шығармаларындағы қылмыстық іздестіру қызметкері прототиптерінің бірі  –  осы Тәңірберген Толғанбаев.

3660 әскери бөлімі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастығы капитан Елдес Қазбек:

Майдангер атаның өмір жолын білу, ерлігін дәріптеу – жас ұрпақ үшін үлкен өнеге. Біз ардагерлерге әрқашан құрмет көрсетеміз.   Батыр аталарымыздың есімі мен ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес!  Осы мақсатта Ұлттық ұланда «Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясы өтіп жатыр

Тәңірберген ата өмірлік жары Дәмелі Әлпейісова екеуі   үш ұл, үш қызды тәрбиелеп өсірді. Барлығының  білім алуына жағдай жасап, үй қылып, аяқтандырды. Қазір немере, шөбере сүйіп, мәуелі бәйтеректей жайқалып отыр.    Тәңірберген Толғанбаев – Жетісу облысының  бірқатар аудандарының құрметті азаматы.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -