ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Адылбек Қасымалиев «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық ғарыш орталығына және ҚР Цифрлық үкіметі кеңсесіне барды. Қазақстандық мамандардың ғарыш саласындағы жетістіктері мен әзірлеген цифрлық шешімдері таныстырылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ұлттық ғарыш орталығының аумағында қазақстандық тарап жерді қашықтан зондтау және ғарыш мониторингі саласындағы отандық ғалымдардың әзірлемелерін ұсынды. Табиғи ресурстарды басқару, агроөнеркәсіп кешендердің жай-күйін бақылау, төтенше жағдайларға ден қою және рұқсат етілмеген полигондарды анықтау мақсатында аталған технологияларды қолдану мүмкіндіктері көрсетілді.
Цифрлық кеңседе қырғыз делегациясына мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға және озық цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған бастамалар таныстырылды. Мәселен, «Әлеуметтік әмиян» жобасы азаматтардың жекелеген санаттарына проактивті форматта атаулы мемлекеттік қолдау алуға мүмкіндік береді. Халықтың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейі туралы мәліметтер «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде жинақталады. Сараптама аймақтық деңгейде жүргізіледі, бұл әр сала үшін нақты ұсыныстар жасауға мүмкіндік тудырады. Бүгінгі таңда жүйеде 6 млн-нан астам қазақстандық отбасы цифрландырылды, олардың әл-ауқатын талдау 100-ден астам көрсеткіш негізінде жүргізілуде.
Мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру үшін жасанды интеллектті пайдалану бойынша тәжірибе алмасылды. eOtinish азаматтар мен бизнестің өтініштерін қабылдау, өңдеу және талдаудың бірыңғай платформасы, eNotary нотариаттық ақпараттық жүйесі, сондай-ақ әзірлеушілер мен мемлекеттік органдарға ЖИ шешімдерін негізгі салаларға біріктіруге мүмкіндік беретін Ұлттық жасанды интеллект платформасы таныстырылды.
Үдерістерді автоматтандыруға және мемлекеттік әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға ықпал ететін инновациялық бастамаларды іске асыру тәжірибесі атап өтілді. Қазіргі уақытта eGov электрондық үкіметінің мобильді қосымшасын пайдаланушылар саны – 10 млн-ға жетті. Сервис арқылы азаматтарға 1 мыңға жуық қызмет түрі қолжетімді, олар арқылы 72 млн қызмет көрсетілді.