Соғыс жылғы бала – тыл ардагері

1507
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Алматыда Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшілері мен Ардагерлер кеңесі  тыл ардагері отставкадағы майор Ғалымжан Бакешев ақсақалдың шаңырағында болып қайтты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Соғыс балалары — бұл балалық шағы Ұлы Отан соғысы (1939–1945) жылдарымен тұспа-тұс келген адамдар. Олар майданда соғыспаса да, тағдырлары соғыспен тығыз байланысты болды. Бұл балалар аштықты, бомбалау қорқынышын, жақындарынан айырылуды бастан өткерді, тылда ауыр еңбек етіп, өз өмірлері үшін алаңдаумен өсті.

Соғыс басталғанда, Ғалымжан ата небары алты жаста еді. Өзі сияқты буыны бекіп, бұғанасы қатпаған  балалардың бәрінің балалық шағын соғыс ұрлаған болатын. Олар еңбекке ерте араласып, ауылдағы ер-азаматтардың орнын басты, аналарымен бірге тылда еңбек ете жүріп, Жеңіс күнінің жақындауына үлес қосты.

Қазір соғыс жылғы балалар тыл ардагерлеріне теңестірілген, өйткені олардың көбі кішкентай жасынан бастап майданға кеткен ересектердің орнын басты: зауыттарда, колхоздарда жұмыс істеді, сарбаздарға жылы киім тоқыды.  Ғалымжан ақсақалға да осы мәртебе берілген.   Сонымен қатар Ғалымжан Жүнісұлы – Ұлттық ұланның қарт ардагерлерінің бірі. Ол 1960 жылдан бастап КСРО-ның Ішкі әскерінде әр түрлі қызметтерде болған. КСРО ІІМ Қазақ ССР-і және Қырғыз ССР-і бойынша Ішкі әскер басқармасында саясат бөлімінің нұсқаушысы лауазымында зейнетке шыққан.

Биыл аталып өтетін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Ұлттық ұланда «Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясы жүріп жатыр.  Осы іс-шара аясында  соғыс және тыл ардагерлері үшін көптеген игі істер атқарылып жатыр. Ұландықтар Ғалымжан ата мен Қоныскүл апаға арнайы әкелген сыйлықтары мен азық-түліктерін табыстап, сырнайларымен ән салып, қарттарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап кетті.

Қарт ардагер ұландықтардың құрметіне риза болып, ақ батасын берді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -