Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы “Батыс” өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Бекайдар Қазкеев ғасыр жасаған Ұлы Отан соғысының ардагері, 101 жастағы Скаленко Вениамин Пантелеевичті арнайы құттықтап, сый-сияпатын табыс етті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қарияны құттықтауға арнайы келген ұландықтарға ардагер ерекше ілтипат білдіріп, соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісті.
Сол бір сұрапыл жылдар алыстаған сайын оның ауыртпалығын сезіну де ерекше бола түседі. Біз майдан даласында ел мен жер үшін шайқастық. Өмірден түйгенім — әрқашан айналаңдағыларға жақсылық жасау керек. Себебі жасаған жақсылығың Алладан қайтады Деп сөзін қорытындылады ардагер Вениамин Пантелеевич
Қолбасшы Бекайдар Қазкеев соғыс және еңбек ардагеріне алғыс айтып, оның ерлігі мен өмір жолы бүгінгі буын үшін зор үлгі екенін атап өтті.
Сіздер жасаған ерлік – мәңгілік. Біз, кейінгі ұрпақ, бейбіт өмірдің қадірін біліп, сіздердің аманаттарыңызды адал атқаруымыз керек. Бүгінгі жас сарбаздар үшін сіздердің батырлық жолдарыңыз – нағыз өнеге. Ұлттық ұланның әрбір әскери қызметшісі өз борышын адал атқарып, Отанды қорғау жолында аянбай қызмет етеді Генерал-майор Бекайдар Қазкеев
Іс-шара барысында әскери бөлімнің өнерпаздары соғыс жылдарындағы әндерді орындап, ардагерге ерекше көңіл-күй сыйлады. “Катюша” және “День Победы” әндері шырқалған сәтте Вениамин Пантелеевич те, генерал-майор Бекайдар Қазкеев те өнерпаздармен бірге қосыла ән шырқады. Бұл әсерлі сәт майдангерлер рухының өшпес белгісіндей болып, бейбіт өмірдің қадірін сезінудің тағы бір айқын көрінісіне айналды.
Кездесу соңында ардагер қонақтарға ақ батасын беріп, еліміздің тыныштығы мен сарбаздардың амандығын тіледі. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында майдангерлерге көрсетілген мұндай құрмет – ұрпақтар сабақтастығының айқын белгісі болды.