Павлодар қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Николай Поддубный 101 жасқа қараған шағында өмірден озды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Николай Поддубный Ресейдің Жаңасібір облысының тумасы. 1942 жылы қолөнер мектебін бітірген соң әскер қатарына шақырылып, Омбы қаласындағы танк мектебінен білім алады. 1943 жылы майданға аттанып, Солтүстік-Батыс және Украина майдандарында өлшеусіз ерлік үлгісін көрсете білді.
Жеке атқыштар батальоны құрамында диверсант қызметін атқарып, қарсыластардың әскери техникасы мен қару-жарағын жоюда тайсалмас өжеттік танытты. Бірнеше рет жау тылына жасырын бас сұғып, жанар-жағармай және басқа да мүліктер сақталған қоймалардың көзін күл-талқан етіп жойған.
Ардагер жеңісті Германияның Баутцен қаласында қарсы алды. 1946 жылы запасқа шығарылып, Жаңасібір қаласына қайта келіп, қалайы комбинатында жұмыс істеді. Құрметті демалысқа шыққан соң Павлодар қаласына қоныс аударып, 30 жыл аралығында өңір өрендерін әскери-патриоттық тәрбиелеуге сүбелі үлес қоса білді. Әсіресе, Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімімен тығыз қарым-қатынаста болды. Ұландықтар көнекөздің шаңырағына жиі барып, ардагерді ардақтап, құрмет танытатын. Мерекелік іс-шараларда майдангер ерлігін әспеттеп, жеке құрамнан бөлек жас буынға да насихаттайтын. Күні кеше ұландықтар жүз екіге аяқ басқан ақсақалды жақын-жуықтарымен бірге ақтық сапарға шығарып салды.
Бейқам күн кешкен ұрпаққа бейбіт күнді тарту еткен батырдың есімі ұландықтар жадынан өшпейді. Жауынгерлік ерліктері үшін "Ерлігі үшін", "Германияны жеңгені үшін" медальдарымен, Кеңес Одағының маршалы "Жуков" орденімен және де "Отан соғысы" орденімен марапатталған соғыс ардагерінің құрметіне орай бірқатар игі іс-шаралар атқарып, жас ұрпақ санасында жаңғырту біздің мақсатымыз 5512 әскери бөлімі командирінің орынбасары подполковник Арман Абдрасулов