Freedom Ticketon: 140 есе өсу және шыңда қалу

Қазақстандағы ірі компаниялардың барлығы бірдей басқару тұрақтылығымен мақтана алмайды. Freedom Ticketon – солардың бірі. Бұл компанияны құрылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін Виктория Торгунакова басқарып келеді. Оның командасы басқарған жылдары айналымды 140 есе ұлғайтып, бірінші жылы 179 млн теңгеден 2024 жылы 25 млрд теңгеге дейін жеткізді, жыл сайынғы Ticketon Awards сыйлығын ұйымдастырды және Freedom Holding Corp. экожүйесінің маңызды бөлігіне айналды.

Осы деңгейге қалай жетті, соңғы 10 жылдағы негізгі кезеңдер мен қиындықтар қандай болды, әрі жұмысқа деген мотивацияны қалай сақтап қалуға болады – осының бәрін Виктория осы сұхбатта айтып берді.

– Ticketon-мен алғашқы кездесуден қандай әсер алдыңыз?

Мен Ticketon арқылы алғашқы билетімді 2014 жылдың мамырында сатып алдым. Сол кезде мен Қазақстан интернет-бизнесі қауымдастығында (ҚИБҚ) 2013 жылдан бастап қоғамдық негізде жұмыс істеп жүрген едім. 2014 жылы электрондық коммерция жобаларына тереңірек араласа бастадым, ал Ticketon маған өнім ретінде қызықты болып көрінді. Кейін маған стартаптарға арналған мемлекеттік грантқа құжат дайындауға көмекші ретінде уақытша жобаға қосылу ұсынылды. Осылайша, мен командаға қосылдым, ал кейінірек инвесторлар маған басшылық лауазымға өтініш беруді ұсынды. Сол кезде Ticketon.kz-тің негізін қалаушы және алғашқы бас директоры Алексей Ли Aviata.kz жобасымен айналысып жатқан еді.

Айта кетейін, студент кезімнен бастап электрондық коммерция саласында жұмыс істегім келетін. Бұл сала сол кезде қарқынды дамып жатты. Менің дипломдық жұмысым да, магистрлік диссертациям да электрондық коммерциядағы маркетинг тақырыбына арналған болатын.

– Ticketon қандай кезеңдерден өтті және компанияның дамуына ықпал еткен басты факторлар қандай?

Мен үш негізгі кезеңді атап өткім келеді. Бірінші кезең – 2012 жылдан 2017 жылға дейін. Бұл кезде біз онлайн-сатып алу мәдениетін қалыптастырумен, серіктестерге автоматтандырудың артықшылықтарын түсіндірумен айналыстық. Сол кезеңде интернет арқылы сатып алу өте қиын болды, өйткені онлайн-төлемдер жүйесі әлі дамымаған еді.

Біз ҚИБҚ және электрондық коммерцияның алғашқы өкілдерімен бірге нарықты дамытуға үлес қостық. Тұтынушылардың интернет арқылы төлем жасауға деген қорқынышын азайту үшін нұсқаулықтар жаздық, компанияның сенімді имиджін қалыптастырдық, мемлекеттік органдар мен танымал тұлғалардың қолдауын алдық.

Сол кезеңде біз пионер болдық. Біздің қызметтердің орташа бағасы төмен болғандықтан, клиенттер интернет-дүкеннен қымбат техника немесе киім алуға қарағанда, киноға билет алу тәуекелін жеңіл қабылдады. Біз тек тұтынушыларды ғана емес, серіктестерімізді де онлайн-сатуға үйреттік. Алғашында кинотеатрлар бізбен жұмыс істеуге келісім берді, кейін оларға театрлар мен спорт ареналары қосылды.

Негізгі серпіліс ірі серіктестермен жұмыс істеген кезде орын алды, себебі олар тұрақты кіріс пен қаржылық айналымды қамтамасыз етті. Біз үлкен инвестицияларсыз компанияны шығынсыз деңгейге шығара алдық.

Екінші кезең – 2018-2021 жылдар. Бұл кезде жыл сайын 2-2,5 есеге өсіп отырдық.

Пандемия үлкен сынақ болды, бірақ ол бізге одан да көп өсім әкелді. Сол жылдары адамдар онлайн-сатып алу мәдениетін игерді. Осы кезеңнен кейін нарық айтарлықтай өзгерді. 2022 жылы геосаяси оқиғалар тұтыну мәдениетіне әсер етті, фестивальдер көбейді. Сол жылы біз үшін маңызды оқиға – Freedom холдингіне қосылу болды.

Қазіргі уақытта біз жаңа деңгейге көтерілдік. Пандемия әлсіз ойыншыларды нарықтан ығыстырды, ал біз бәсекеге қабілеттілікті сақтап қалдық.

– Пандемия кезеңінде қалай аман қалдыңыздар?

Біз тек билет сатуды тоқтатып қана қоймай, іс-шараларға тыйым салынғанға дейін сатып алынған билеттердің ақшасын да қайтарып бердік. Алғашқы кезеңде акционерлер қолдау көрсетті. Компанияның үш айға жететін қаржы қоры болды. Біз сатылымдарды шектеулі түрде қайта бастауға рұқсат алу үшін түрлі тәсілдер ойлап таптық. Сонымен қатар, холдингпен келіссөздер жүргізу кезеңінде Тимур Турлов үлкен көмек көрсетті.

– Компания сатылымдары қаншалықты өсті?

Мен бас директор болып тағайындалған кезде 23 жаста едім. Алғашқы үш жылда компанияның айналымын 10 есе арттыру міндеті қойылды. Бұл үлкен мақсат болды, бірақ өзіме сеніп, бар күшімді салдым.

2017 жылы компания айналымы 2,2 млрд теңгені құрады. Біз үш жылда 10 есе емес, 12 есе өсім көрсеттік. Осы жетістік маған 2018 жылы Forbes Kazakhstan-ның «30 жасқа дейінгі 30 үздік» тізіміне кіруге мүмкіндік берді.

2014 жылы айналым 179 млн теңге болса, 2024 жылы ол 25 млрд теңгеге жетті. 10 жылда 140 есе өсім! 2014 жылы сатылған билеттер саны 111,4 мың болса, 2024 жылы 5,6 млн билет саттық. 2023 жылы ең қарбалас күні 126 мың билет өткіздік – бұл 2014 жылдың бүкіл жылдық сатылымынан да көп.

– Жұмысыңыздағы ең үлкен қателіктер қандай болды?

Көбіне міндеттердің ауқымын дұрыс бағаламау және ресурстардың жетіспеуі қиындықтар туғызды. Кейде адамдарға техникаларға қарағанда көбірек сенетін кездер болды. Клиенттердің жоғары белсенділігін немесе сервер жүктемесін бағалай алмадық. Біз үнемі «ұшу кезінде» жаңа шешімдер іздедік.

Осы тәжірибелердің арқасында біз әрбір жағдайды құжаттауды және оны бизнес-процесс түрінде рәсімдеуді үйрендік. Компаниядағы әрбір қызметкер мақсатымызды біліп, қателіктің бағасын түсінуі керек.

– Компанияның басты миссиясы қандай?

Freedom Ticketon-ның миссиясы – адамдарға концерттер, сүйікті жұлдыздармен кездесулер арқылы ұмытылмас сәттер сыйлау.

Мен өмірімізді «ұзартуға» болады деп санаймын. Қаншалықты көп әсер алсақ, өміріміз соншалықты ұзақ әрі мазмұнды көрінеді. Біздің мақсат – іс-шараларға баруды барынша қолжетімді ету.

– Ticketon-ға жұмысқа орналасу үшін қандай талаптар қойылады?

Егер бұрын біз өз мамандарымызды өзіміз тәрбиелесек, қазір бізге тәжірибелі қызметкерлер қажет. Басты талаптар – адалдық пен белсенділік. Тәжірибе мен білімді жетілдіруге болады, бірақ адамгершілік қасиеттерді өзгерту қиын. Біздің қызметкерлеріміз тек нәтижеге жетіп қана қоймай, бізді де шабыттандыра алуы керек.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -