Еңбекминінде адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Іс-шараға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Елімізде 2024-2026 жылдарға арналған ҚР Үкіметінің Адам саудасына байланысты қылмыстардың алдын алу, болдырмау және оларға қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Ол 55 тармақтан тұрады, олардың орындалуына бірқатар орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, «Атамекен» ҰКП және басқа да ұйымдар жауапты болып айқындалған.
Премьер-Министрдің «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» өкімі шеңберінде бірқатар нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізіліп, бірлескен бұйрықтар әзірленді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің адам саудасы құрбандарын әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру саласындағы құзыреттері кеңейтілді. Қызмет көрсету сапасы, жеңілдіктер алуға жәрдемдесу, бағалау парағы, терминология, және т. б. бөлігінде Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету (АӘҚ) стандартына өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, уақытша болу ұйымдарының ғимараттарын күтіп-ұстау, адам саудасының құрбандарына қызмет көрсету, АӘҚ көрсететін уақытша болу ұйымдарында персоналдың ең төменгі штаттық нормативтерін енгізу бөлігінде АӘҚ көрсететін ұйымдар қызметінің қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Еңбекмині жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және адам саудасының құрбандарын жұмысқа орналастыру жөніндегі шараларды іске асыруда.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, 2024 жылы адам саудасының 247 құрбанына көмек көрсетілді (ерлер – 118, әйелдер – 75, балалар – 54), оның ішінде шетелдік азаматтар – 114 адам.
«2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елімізде адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету бойынша 13 дағдарыс орталығы жұмыс істейді, оның 2-і мемлекеттік секторда, 11-і мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде. 2024 жылы адам саудасының құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге қаржыландыру сомасы 232 млн теңгені құрады. Бұдан басқа Министрлік 2023-2025 жылдарға республикалық бюджеттен үкіметтік емес секторда мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыруға 288,8 млн теңге көлемінде жалпы сипаттағы трансферттер бөлді» Вице-министр Асқарбек Ертаев
Отырыс барысында адам саудасына қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы, Қазақстан Республикасының адам саудасына қарсы күрес туралы 2024 жылғы баяндамасы шеңберінде АҚШ Мемлекеттік департаментінің ұсынымдарын іске асыру барысы туралы, халықаралық көші-қон ұйымының жаһандық тәсілінің таныстырылымы, сондай-ақ, Қазақстанның 8 өңірінде іске асырылған «Сана Сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» ҚБ жобасын іске асыру нәтижелері қаралды.
Естеріңізге сала кетейік, 2024-2025 жылдар аралығында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияға төрағалық етеді.