Теңіз жаяу әскерлері қала ішіндегі іс-әрекетті пысықтауда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Маңғыстау облысының «Оймаша» полигонында Әскери-теңіз күштері теңіз жаяу әскерлері десанттық-шабуылдау батальонының әскери қызметшілерімен тактикалық сабақтар өтіп жатыр.
Аталмыш сабақтар бөлімшелер ішіндегі тактикалық іс-қимылдар мен өзара әрекет ету дағдыларын пысықтай отырып, кешенді даярлауға бағытталған взводтардың жауынгерлік атысы шеңберінде ұйымдастырылған.
– Әскери қызметшілер тұрғын үй алаптарында дұрыс бағдар жасауды, бейтаныс ғимаратқа кіруді, түрлі қару түрін қолдануды үйренеді. Бұл әрекеттер көзге түсуі қиын және құрылысы тығыз қала жағдайында жауынгерлік тапсырмаларды сәтті орындау үшін өте маңызды, – деді десанттық-шабуылдау батальонының командирі капитан Мұрат Ибрагимов.
Десантшылар үшін әртүрлі ұрыс жағдайлары модельденеді. Мысалы, шартты қарсылас ғимаратты басып алған кезде, шабуылдау тобының алдына ғимаратқа кіріп, содырларды жою және бос емес позицияны басып алу міндеті жүктеледі.
Сабақтар бөлімшелерге жүктелген міндеттерді ескере отырып, тәжірибелі офицерлердің басшылығымен өткізіледі, бұл дайындықты нақты жағдайға бейімдеуге мүмкіндік береді. Теңіз жаяу әскерлерін даярлаудың бұл кезеңі өзара іс-қимыл дағдыларын қалыптастыру және күрделі ұрыс жағдайында жылдам шешім қабылдау үшін маңызды.