Түркістан облысында бюджет шығындарын оңтайландыру жұмыстары басталды

1287
Фотосурет: Gov

Түркістан облысы бойынша жыл басынан бері жергілікті бюджетке 30,2 млрд. теңге көлемінде салық түсіп, өсу қарқыны 131%-ды құрады. Биыл қосымша кіріс көздерін анықтау мақсатында салық заңнамаларының негізінде әкімшілендіру, салықтық тексеру, өндіріп алу, жанама салықтарды әкімшілендіру жұмыстары жүргізіліп, жоспарды болжаммен 10 млрд. теңге көлемінде орындау жоспарлануда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте бюджет түсімдерін ұлғайту мақсатында 2025-2026 жылдарға арналған іс-шара жоспарлары мен бюджет шығыстарын оңтайландыру мәселесі қаралды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жиында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Мақсат Нұрахаев жыл басынан бері атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Оның мәлімдеуінше, қосымша кіріс көздерінен жалпы 1,6 млрд теңге есептелініп, өндірілді. Сондай-ақ өндірістік емес төлемдерден анықталған қосымша кіріс көздерінен алынған мәліметтерге сәйкес, 148 млн. теңге өндірілген. Мәжілісте салықтан жалтару жайттары жайлы айтылды. Анықталғандай, ауыл шаруашылығы саласында мемлекеттен субсидияға 30 млрд теңгеден астам қаражаттан түсетін салық көлемі мардымсыз. Ауыл шаруашылығы бойынша субсидияланған кәсіпкерліктер туралы басқарманың мәліметтері Мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметіне сәйкес келмейді. Бұл бойынша терең зерделеу жұмыстары жүргізіледі.

Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға бюджет түсімін ұлғайтуды, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің үлесін арттырып, бюджет шығыстарын оңтайландыруды, «көлеңкелі» экономиканың көлемін төмендету бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

– Жергілікті бюджеттің әлеуеті жоғары. Жұмысты жүйелеп, жандандыра түсу керек. Кәсіпкерлермен, инвесторлармен салық заңнамаларын түсіндіру жұмыстарын күшейтіңіздер. Мемлекеттен бөлінген субсидияларды назарға алып, жұмысшылар саны мен салық мәселелерін реттеп, жұмыс нәтижесін бақылаңыздар. «Көлеңкелі» экономиканы төмендету жұмыстарын күшейтіп, халықтың салықтық сауаттылығын арттыру керек. Қажетсіз жобалардан бас тартып, қаржыны өндіріс орындарын ашуға, жаңа жұмыс орындарын құруға бағыттау қажет. Инвесторлар тарту жұмыстарын күшейтіп, инфрақұрылымды жақсарту жұмыстарын атқарған жөн. Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына бюджет шығындарын оңтайландыру жұмыстарын күнделікті жүргізуді тапсырамын. Бірінші кезекте – қажеттіліктерді айқындап, шығындарды қысқарту. Облыс бюджетін қайта қарап, ұсыныс енгізіңіздер, – деген Нұралхан Оралбайұлы бюджетті нақтылау бойынша бірқатар міндет жүктеді.

Жиын барысында бюджет шығыстарын оңтайландыру туралы Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек баяндады. Оның айтуынша, қосымша кіріс көздерін анықтауға бағытталған іс-шара жоспары әзірленді. Қазіргі таңда іс-шара жоспарының әрбір тармақтарына түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нақтыланды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -