Алматыдағы РФММ оқушылары халықаралық олимпиадаларда жеңістерге жетуде

1529
Фотосурет: Gov

Жұмыс сапары барысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің жұмысымен танысты. 50 жылдық тарихы бар республикалық мектептен елімізге белгілі мықты математиктер, саясаткерлер, ғалымдар, сондай-ақ халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпаздары шыққан, деп хабарлайды DKnews.kz.

2024 жылдың қорытындысы бойынша РФММ түрлі халықаралық және континенттік олимпиадаларда 67 медаль жеңіп алды, оның ішінде әлем оқушылары арасындағы ТОП-7 пәндік олимпиадаға кіретін IMO, IPhO және IOI секілді ірі додаларда төрт медаль иеленген. Жүлдегерлер ішінде Әмірлан Аманжолов, Дінмұхамед Егеубаев, Марғұлан Нұрсағатов, Ілияс Қазымбек және Максим Цой бар. Бұдан басқа 2005 жылдан бастап РФММ ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен және 15 елдің оқушыларының қатысуымен Математика, физика және информатика пәндерінен Халықаралық Жәутіков олимпиадасын өткізіп келеді.

«Президентіміздің, ұстаздарымның және ата-анамның қолдауы маған сенімділік пен күш-қуат береді. Болашақта еліміздің өркендеуіне, отандық ғылымның дамуына өз үлесімді қосқым келеді», - дейді IMO күміс жүлдегері Әмірлан Аманжолов.

Өз кезегінде министр мемлекет тарапынан өскелең ұрпақтың толыққанды дамуына барлық жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Президенттің бастамасымен 2022 жылдан бастап халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне және оларды дайындаған педагогтерге ақшалай сыйақы беріліп келеді.

«Сіздер - еліміздің мақтанышы ғана емес, үздіксіз дамуға ұмтылған және негізін білім мен ілімнен алатын зиялы ұлттың болашақ өкілісіздер. Сіздердің қол жеткізген жетістіктеріңіз қатарластарыңызға үлгі болып қана қоймай, биік белестерге талпынуға шабыт береді. Мемлекет сіздерге толыққанды қолдау көрсетіп, әрі қарай өсулеріңіз, дамуларыңыз үшін қажетті жағдайды жасайды. Сіздердің білім алуға және оны жетілдіре түсуге деген ұмтылыстарыңыз тұтас ұлт үшін қозғаушы күшке айналатынына сенімдімін», - деді Ғани Бейсембаев.

Кездесуде оқушылар министрге өз сұрақтарын қойып, арман-тілектерімен, мақсаттарымен бөлісті. Атап өту керек, 2024 жылы біздің оқушыларымыз халықаралық олимпиадаларда 563 медаль жеңіп алды, оның ішінде 77 алтын бар. Сондай-ақ қазақстандық оқушылар әлемнің робототехникадан үш дүркін, химиядан екі дүркін чемпионы болып табылады.

Сонымен қатар министр РФММ филиалының ғимаратын реконструкциялау жұмысының барысымен танысты. 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -