Ұлттық ұлан академиясының әскери қызметшілері Президенттік көпсайыста жоғары нәтиже көрсетті

1364
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы

2025 жылдың 22-26 ақпан аралығында Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласында қыстық Президенттік көпсайыстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Бұл жарыс әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдерінің спорттық дайындығын шыңдайтын, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін беделді дода.

Солтүстік Қазақстан облысынан 9 команда бақ сынаған бұл чемпионатқа Ұлттық ұлан академиясының әскери қызметшілері де қатысып, жоғары нәтижелер көрсетті. Олар өздерінің кәсіби даярлығы мен мықты спорттық қабілеттерін дәлелдеп, жүлделі орындарға ие болды.

Президенттік көпсайыс – төзімділікті, ептілік пен күшті талап ететін кешенді спорт түрі. Әскери қызметшілер қыс мезгілінде шаңғымен жарысу, кросс, ату және күштік жаттығулар бойынша бақ сынады. Жарыстың қорытындысы бойынша Академияның екі өкілі жеңіс тұғырынан көрінді:

40-49 жас аралығында 1 орын – подполковник Нүсіпов Мақсат Туғанбайұлы, Дене шынықтыру даярлығы және спорт кафедрасының бастығы. Ал 50-59 жас аралығында 2 орын – полковник Корнилов Николай Александрович, Тактика және жалпы әскери пәндер кафедрасының бастығы.

Бұл жеңіс – олардың ұзақ жылдар бойы жинақтаған кәсіби тәжірибесі мен үздіксіз спорттық жаттығуларының нәтижесі.

“Біз үшін бұл жарыс үлкен тәжірибе болды. Жеңіске жету – әрине, қуанышты сәт, бірақ одан да маңыздысы – өзіңді жеңе білу. Академия басшылығына, әріптестерімізге және жаттықтырушыларымызға бізді әрдайым қолдап, дайындағандары үшін алғысымыз шексіз. Бұл жеңіс – біздің ғана емес, бүкіл Академия ұжымының жетістігі!” – деп бөлісті өз әсерімен подполковник Нүсіпов Мақсат Туғанбайұлы.

Ал полковник Корнилов Николай Александрович:

“Бұл жеңіс – күнделікті еңбектің, тәртіп пен табандылықтың нәтижесі. Біз тек өзіміз үшін ғана емес, Академияның намысы үшін сынға түстік. Барша қатысушыларға алғыс білдіремін, жарыс жоғары деңгейде өтті!” – деп өз ризашылығын білдірді.

Президенттік көпсайыс – әскери қызметшілер үшін үлкен маңызға ие спорт түрі. Ол жауынгерлік рухты нығайтып қана қоймай, дене дайындығын жетілдіріп, төзімділікті арттыруға көмектеседі. Бұл додада жеңіске жету – шын мықтылардың еншісінде.

Ұлттық ұлан академиясының әскери қызметшілері осындай жарыстарға үнемі қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді. Олар тек спорт алаңында ғана емес, қызмет барысында да өздерінің біліктілігі мен қайсарлығын дәлелдеп жүр.

Академия ұжымы чемпионат жеңімпаздарын шын жүректен құттықтап, алдағы уақытта да табыс пен жаңа жетістіктерге жетулерін тілейді!

Қатардағы Талапкер Маржан Ерікқызы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -