Антикор Вьетнамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдарымен байланыстарды нығайтуда

1727
Фотосурет: t.me/antikornews

Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша прогрессивті шетелдік тәжірибені зерделеу және енгізу бойынша халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді жалғастыруда, деп хабарлайды DKnews.kz.

Төраға Асхат Жұмағали бастаған Агенттік делегациясы екіжақты өзара іс-қимылды нығайту мақсатында Вьетнамға алғашқы сапарын жасады.

Сапар аясында қазақстандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның өкілдері Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нгуен Хоа Бинмен, Коммунистік партия ОК Ішкі істер жөніндегі орталық комиссиясының Төрағасы, Жоғарғы Халық прокуратурасының Бас прокуроры, Қоғамдық қауіпсіздік министрі, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысқа тартылған Бас мемлекеттік инспектормен және Әділет министрімен кездесулер өткізді.

Бұл кездесулер 2023 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарының нәтижесі болды.

2016 жылдан бастап Вьетнамда жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру белсенді басталды, оны 2024 жылы ВКП ОК жаңа Бас хатшысы жалғастырды.

Өздеріңіз білетіндей, ел басшылығының қолдауымен «Ыстық пеш» компаниясы іске асырылуда. 

Бұл бастаманың мақсаты – мемлекеттік аппаратты сыбайлас жемқорлардан тазарту, сондай-ақ заңсыз алынған активтерді қайтару және мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыру арқылы сыбайлас жемқорлықты жүйеден «өртеу».

Сапар барысында Агенттік делегациясы Вьетнам мемлекеттік органдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің негізгі тәсілдері мен тәжірибелерін егжей-тегжейлі зерделеді.

Өз кезегінде Асхат Жұмағали Қазақстан Президенті бекіткен жемқорлықтың алдын алуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен парасаттылықты қалыптастыруға, цифрландыруды дамытуға, мемлекеттік аппарат жұмысындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау және жою тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ жазаның бұлтартпаушылық қағидаттарын қамтамасыз етуге бағытталған жемқорлыққа қарсы саясаттың тұжырымдамасын іске асыру нәтижелері туралы айтып берді.

Қазақстандық тәжірибе Вьетнам тарапының қызығушылығын тудырған шетелден активтерді қайтару мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Агенттігінің Төрағасы жылы қабылдау үшін алғысын білдіріп, тәжірибе алмасудың және екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Вьетнам тарапы екі ел арасындағы қарым-қатынастарды нығайту сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тиімділігін арттыруға ықпал ететінін атап өтіп, одан әрі өзара іс-қимылға дайындығын растады.

Ынтымақтастықты күшейту мақсатында өзара түсіністік туралы бірлескен меморандумға қол қою жоспарланған.

Бұл сапар өзара қарым-қатынастарды дамытудың жоғары деңгейін көрсетіп, екі елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдары үшін жаңа перспективалар ашты.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -